12.04.2018, 15:00 545 Головкин кіммен жұдырықтасады?

Орта салмақ дәрежесінде WBC, WBA (super), IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин мен мексикалық боксшы Сауль Альварес арасындағы жекпе-жек белгісіз мерзімге кейінге шегерілгендіктен, қазақстандық боксшыға менеджерлері қарсылас іздеп жатыр.


Соңғы ақпараттарға сенсек, Геннадий Головкин америкалық Ванес Мартиросянмен қолғап түйістіретіндей көрінген. 5 мамырға жоспарланған шайқас алдында алдымен Мартиросян өзінің «Инстаграм» желісіндегі парақшасында қазақстандық боксшымен жекпе-жекке шығатынын мәлімдесе, кейіннен бокс ұйымдары Головкинге белбеулерін қорғау үшін келісім бергенін ашып айтты.


Бұған дейін бірінші орта салмақ дәрежесінде сынға түсіп келген Ванес Мартиросян кәсіби мансабында үш мәрте жеңіліс тапқан болатын. Дегенмен оның еншісінде 36 жеңіс бар. Соңғы шайқасында кубалық Эрисланди Лараға есе жіберген Ванес соңғы екі жыл бедерінде шаршы алаңға шықпаған екен.


Дегенмен әлемдік БАҚ Головкиннің 5 мамырға жоспарланған жекпе-жегі кейінге шегерілуі мүмкін екендігін алға тартып отыр. Олардың пайымынша, Головкиннің командасы қысқа мерзім ішінде билеттерді толығымен сатып үлгермейтін көрінеді. Соның салдарынан шайқас белгісіз мерзімге ауыстырылуы ықтимал. Сондай-ақ халықаралық бокс федерациясы (IBF) Головкиннің Мартиросянмен жұдырықтасуына қарсылық танытуда. Олар Головкиннің белбеуіне міндетті үміткер украиналық Сергей Деревянченконы қарсылас атандырғанды жөн көреді. Қысқасы, Генаның қашан, кіммен жұдырықтасатыны әзірге белгісіз болып тұр.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал