16.05.2018, 18:26 97 «Головкин мен Альварес рематчы жақындай түсті» - Оскар де ла Хойя

Кеше мексикалық боксшы Сауль Альварес (49-1-2, 34 КО) әлеуметтік желіде WBC мен VADA-ның «Таза бокс» бағдарламасына қосылғанын мәлімдеді. Енді VADA спортшыны жыл бойы допингке тексеріп отырады, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА.
Қазақстандық былғары қолғап шебері Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлер осыған орай пікір білдірді.
«Альварестің VADA-мен ынтымақтастық жасайтынын естіп өте қуандық. Тосқауылдар азайды. Енді реванш та жақындай түсті. Біздің тарапымыздан ешқандай қиындық болмайды - Геннадий сынама тапсыруын тоқтатпайды, қыркүйекке дейін солай болады», - деді ол.
Айта кетейік, Golden Boy Promotions компаниясының бас директоры, «Канелоның» промоутері Оскар де ла Хойя Альварес-Головкин рематчын өткізу туралы келіссөздер басталғанын мәлімдеген болатын.
«Томмен келіссөздерді бастадық. Біз рематчтың болғанын қалаймыз, бұл дұрыс іс болар еді. Әрбір мықты боксшы жыл сайын VADA-ның тексеруінен өтіп отыруы тиіс. Өйткені ол спортты тазартудың жалғыз жолы», - деді Оскар де ла Хойя ESPN.com-ға берген сұхбатында.
Оның айтуынша, «Канело» мен GGG қазір бір-бірін ұнатпайтын болуы мүмкін.
«Егер жекпе-жек қыркүйекте өтсе, қызықтырақ болар еді. Енді олар бір-біріне ата жауындай қарап отыр. Егер ол қыркүйекте болса, сұмдық жекпе-жек болар еді. «Канело» міндетті түрде қыркүйекте рингке оралады. Енді шегінетін жол жоқ. Өйткені GGG айқасуды қалайды, «Канело» да үлкен жекпе-жек өткізгісі келіп отыр», - дейді Оскар.

 

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал