17.09.2018, 13:28 892 Головкиннің промоутері Альвареспен болуы ықтимал үшінші кездесу туралы айтты

Қазақстандық боксшының промоутері Том Леффлер Fight Hub арнасына берген сұхбатында орта салмақ дәрежесіндегі Геннадий Головкин (38-0-1, 34 КО) мен Сауль Альварес (49-1-2, 34 КО) арасындағы үшінші жекпе-жектің өтуі мүмкін уақытты айтты, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА.

«Біз Геннадийге ең ыңғайлы кезеңді таңдау үшін барлық нұсқаларды қарастырамыз. Головкин екінші жекпе-жекте де әлдеқайда мықты болды деген ойдамыз. Менің раундтар бойынша есебім 8:4 болды. Алайда осы жолы Альвареске мін тағудың маңызы жоқ. Олардың жекпе-жекке жоспары мықты болған. Дегенмен, Головкиннің соққылары дәлірек болды деп ойлаймын. Альварес төрешілерді сендіргенімен, біраз күш салуына тура келді. Мысалы, мен Альварестің 12-ші кезеңді жеңгенімен келіспеймін.

Головкин бокстасуын жалғастырады. Желтоқсанда, көктемде, тіпті мамырда жұдырықтасуға дайын. Егер Альвареспен үшінші кездесу өткізуге келісетін болсақ, мамырда болуы ықтимал. Геннадиймен, Оскармен (Де Ла Хойя) және Эрикпен (Гомес) отырып, үшінші кездесуді қай уақытта өткізу тиімді екенін ақылдасамыз. Немесе басқа бағытта кетуге шешім қабылдаймыз.

«Дегенмен Альваресті мойындауға тура келеді. Ол шегінгісі келмей, алға жылжыды. Басқасын білмеймін, бірақ мені таңғалдырды. Мен оны қорғану стилінде жұдырықтасады деп ойлағанмын. Алайда бұл стиль Головкинге көбірек ұнайды. Дегенмен, Головкин еш ұялмайды. Керемет жұдырықтасты. Шешімге қарсы келетін ойымыз жоқ, үкімді құрметтейміз. Алайда Головкин біз үшін чемпион болып қала бермек. Өздеріңіз байқағандай, екінші кездесу алғашқыдан әлдеқайда жоғары деңгейде өтті. Үшінші айқасты тамашалаймыз деген ойдамын», - деді Т. Леффлер.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал