16.08.2018, 12:51 858 «Қайрат» мақсатына жете ала ма

Бүгін, 16 тамызда Еуропа лигасы үшінші іріктеу кезеңінде Алматының «Қайраты» өз алаңында Чехияның «Сигма» командасын қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі команда арасындағы алғашқы кездесу Чехияның Оломоуц қаласында өткізілді. Ол ойында алаң иелері «Сигма» клубы «Қайратты» 2:0 есебімен тізе бүктірді. Екі доп айырмасымен жеңілген «Қайрат» үшін қарымта кездесуде қарсыласын ойсырата жеңу оңайға түспейтіні анық. Десе де біз «Қайратқа» сенім артамыз. Команда алдында биыл Еуропа лигасы топтық кезеңінде сынға түсу міндеті тұр.

Екі ойын арасында «Қайрат» ел біріншілігінде бір турға қатысып үлгерді. Олар сырт алаңда Петропавлдың «Қызылжар» командасынан 3:1 есебімен басым түсті. Осылайша турнир кестесіндегі жағдайын да біршама жақсартып алды. Қазір «Астана» мен «Қайрат» командалары арасын небәрі үш ұпай ғана бөліп тұр. Алда тағы бір айналым бар. Ендеше, чемпиондыққа талас қыза түседі. Алтын медаль осы екі команда арасында жүретіні жанкүйерлерге белгілі.

Чехия елінде доп додасы енді басталды. Қазірге дейін 4 тур ойындары болып өтті. Соңғы тур қорытындысымен «Сигма» турнир кестесінде 16 команда арасында 12-орында тұр. «Қайратпен» кездесуден кейін олар араға үш күн салып, 12 тамызда ел біріншілігінде Угерске-Градиште қаласының «Словацко» командасымен кездесті. Сырт алаңда өткен ойында «Сигма» 1:3 есебімен жеңілді. «Сигма» ел біріншілігінде 4 ойын өткізіп, оның небәрі 1-де ғана үш ұпай олжалады.

«Қайрат» Чехияның ортанқол клубынан айналып өте ала ма? Алматы клубының күші оған жететін секілді. Ол үшін футболшылар ширақ қимыл көрсетуі тиіс. Қарсыластар қақпасына жауапсыз үш гол соғу міндеті алда тұр. Ал ойын барысы қалай өрбитінін жасыл алаң төріндегі тартысты бәсеке барысында куә боламыз.

«Қайрат» Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Андрорраның «Энгордань» командасын қос ойынның нәтижесімен 10:1 есебімен жеңген еді. Одан кейінгі екінші іріктеу кезеңінде алматылықтар Голландияның «АЗ Алкмаар» клубын өз алаңында 2:0 есебімен басым түсіп, одан кейін сырт алаңда 1:2 есебімен жеңілді. Қос ойынның нәтижесімен жарыстың келесі сатысына «Қайрат» шықты.

Бүгінгі кездесуде «Қайраттың» жолы болып, жарыстың плей-офф сатысына шығып жатса, оларға Испанияның «Севилья» немесе Литваның «Жальгирис» командасы қарсылас атануы мүмкін. Испан клубы бүгін сырт алаңда Литваның Вильнюс қаласының «Жальгирисімен» шеберлік байқасады. Алғашқы ойын 1:0 есебімен «Севильяның» басымдығымен аяқталған еді.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал