21.06.2018, 13:37 2321 «Қазақстан Барысы» жобасы жайлы сіз білмейтін деректер

1 шілде күні Астанадағы «Барыс Арена» мұз сарайында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі өтеді, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі.

Аламан дода елорданың 20 жылдығына арналады. Осымен сегізінші рет өтетін бәсекеге еліміздің 14 облысынан, Алматы мен Астана қалаларынан іріктеуден өткен 35 үздік балуан қатысады. Тартысты белдесулер жеті сағатқа созылады деп жоспарланған. Шара аясында спорттық сайыстармен қатар концерттік бағдарлама мен керемет шоу өтеді деп күтілуде. «Қазақстан Барысын» «Qazaqstan» ұлттық арнасы және «Qazsport» телеарнасы, сонымен қатар Ресейдің «Матч! Планета» және «Бокс ТВ», Түркияның «ТРТ Аваз» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетеді.

«Қазақстан Барысына» осы жылы 11 балуан тұңғыш рет қатысады: Алмас Жұмағали (Қостанай облысы), Әлібек Зекенов (Әскер барысы), Ерасыл Қажыбаев (Әскер барысы), Еламан Қойшыбаев (Ақтөбе облысы), Қайрат Махтин (Ақмола облысы), Мақсат Мәзібаев (Шығыс Қазақстан облысы), Әділет Мисин (Ақтөбе облысы), Ерсұлтан Мұзаппаров (Оңтүстік Қазақстан облысы), Асқар Нұрмұханов (Батыс Қазақстан облысы), Темірлан Сапаров (Қостанай облысы) және Серік Сәлменов (Павлодар облысы).

Айта кету керек, биылғы турнирде 2017 жылдың «Қазақстан Барысы» Еламан Ерғалиев пен аталған турнирде 2013 жылы топ жарған Айбек Нұғымаров та төбе көрсетеді.

«Қазақстан Барысы» турнирінің биылғы жүлде қоры да қомақты. Жеңімпаз атанған балуанға алтын белбеу мен алтыннан құйылған «тайтұяқ» табысталады. Екінші және үшінші орын иегерлері сәйкесінше күміс және қола белбеулермен марапатталады. Сонымен қатар, әр белдесудегі жеңіске - 100 000 теңге, ІІІ орынға - 1 800 000 теңге (бапкеріне - 900 000 теңге), ІІ орынға - 5 500 000 теңге (бапкеріне - 1 800 000 теңге), І орынға - 25 000 000 теңге (бапкеріне - 3 500 000 теңге) беріледі. 

  • Елбасы жүлдесіне өткізіліп келе жатқан жобаның тарихында тұңғыш рет үш дүркін «Қазақстан барысы» атанған – Бейбіт Ыстыбаев.
  • Жұманазар Ерсұлтанов (Оңтүстік Қазақстан) - «Қазақстан Барысындағы» ең ауыр салмақты палуан. Оның салмағы 160 келіні көрсетеді. Осы жылғы турнирде ең көп салмақтағы балуан болып Ерасыл Қажыбаев танылды.
  • «Қазақстан Барысы» мегажобасының төрешілері жарысқа бір күн қалғанда белгілі болады.
  •  «Қазақстан Барысы» турнирінің 2014 жылғы ақтық сыңында Жамбыл облысынан 3 палуан қатысқан. Мұндай көрсеткішті күні бүгінге дейін басқа ешқандай облыс әлі қайталай алған жоқ.
  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал