05.12.2018, 12:12 6318 Қазақстан бокс федерациясы биылғы маусым нәтижелерін талқыға салды

 

Астанада өткен Қазақстан ҰОК Бас Ассамблеясының аясында Қазақстан бокс федерациясының жыл соңындағы отырысы өтті. Басқосуға бокс саласындағы басшылық құрам мен бапкерлер және танымал боксшылар жиналып, биылғы маусымды қорытындылады деп жазады Olympic.kz

Қазақстан бокс федерациясының жалпы сұрақтар жөніндегі вице-президенті Данияр Абулгазин бокстан ерлер және әйелдер құрамасының бапкерлеріне кадрлық мәселелерді шешуді тапсырды. Одан бөлек, елімізде бокс мектептерін көбейту мәселесі де күн тәртібінде тұрды. 

Сондай-ақ, 1994 жылдан бері алғаш рет Азия ойындарында алтынсыз қалған Қазақстан боксшыларының нәтижесін көтеру міндеті қойылды. 

Жиында АІВА маңайындағы дау-дамай да назардан тыс қалған жоқ. Бүгінде Халықаралық Олимпиада комитеті мен АІВА арасындағы қарым-қатынас ушығып барады. ХОК бокстан өткізілетін барлық турнирлерді уақытша тоқтатып қойды. Қазақстан бокс федерациясы мәселенің оң шешіліп, бокстың Олимпиада бағдарламасынан тыс қалмағанын қолдайды.

«Қазақстан бокс федерациясы мен Тимур Құлыбаев бұл мәселені назарда ұстауда. Біраз кеңес алған соң, біздің негізгі ұстаным қандай болатыны анықталады. Біз бокстың Токио Олимпиадасы бағдарламасынан сырт қалмағанын қалаймыз. Тимур Асқарұлы бұған бар күшін салады», - деді Абулгазин. 

Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті қызметіне Кеңес Рақышев сайланды. Токио Олимпиадасының алдында АІВА-дағы қиын жағдайды реттеуге Рақышев та атсалысады.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал