10.07.2018, 17:14 855 Қазақстан Кәсіпқой бокс федерациясының президенті Шүменовтің мәлімдемесіне таңданды

Қазақстан Кәсіпқой бокс федерациясының президенті Ерлан Бекхожин боксшы Бейбіт Шүменовтің мәлімдемесіне жауап қайырды, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА.

«Шыны керек, Шүменовтің бұл сөзіне таң-тамаша болдым. Иә, жекпе-жек алдында олар бізге келіп, көмек көрсетуімізді сұрады. Біз сұраған көмегін бердік. Бірақ бұл сол шараны өз қаражатымызға ұйымдастыруымыз керектігін білдірмейді. Менің білуімше, Бейбіттің қаржысы бар, ал бізде оның жобаларын қаржыландыру міндетін мойнына алатын демеушілер жоқ. Бұл оның тәуекелдері, оның есептері, оның табыстары», - дейді Ерлан Бекхожин.

Бұған дейін Шүменов Қазақстанда кәсіпқой бокс лицензиясын алу үшін АҚШ-тағыдан төрт есе көп ақша - 100 доллар төлеу қажеттігін сынаған болатын.

«Біздің елімізде лицензиялық алым осылай бекітілген. Мәселен, Ресейде ол одан да көп - 200 доллар. Қазақстандағы кәсіпқой бокстың инфрақұрылымы, өкінішке қарай, АҚШ-тағы сияқты емес», - дейді Ерлан Бекхожин.

Федерация президенті Шүменовтің сыни мәлімдемесі қызулықпен жасалғандығын айтты.

«Меніңше, оған ақпаратты бұрыс жеткізген. Сондықтан ол мұның бәрін қызулықпен айтқан», - дейді Бекхожин.

Жуырда Астанада өткен бокс кешінде түркиялық Хизни Алтункаяны жеңіп, бірінші ауыр салмақта WBA белдігін иеленді. Ал жекпе-жек алдында оны ұйымдастырудағы қаржылық қиындықтарды айтып, өз қаржысынан 500 мың доллардан астам қаражат жұмсауға тура келгенін мәлімдеген еді.

Боксшының осы мәлімдемесіне қатысты алғашқы қазақстандық бокс жұлдыздарының бірі Марат Мәзімбаев та пікір білдірген болатын.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал