22.04.2018, 23:52 960 Қазақстан құрамасы венгриялықтарды ойсырата ұтты

Бірінші дивизион арасында Будапеште өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы алғашқы кездесуін айдын иелерімен өткізді.

Қазақстан құрамасын Ғалым Мәмбетәлиев жаттықтырса, капитандық міндет қорғаушы Максим Семеновқа тапсырылды. Ал қақпаға Хенрик Карллсон тұрды.
Аса тартысты өткен матч барысында қарсылас командалар бірінші және екінші кезеңде өз мүмкіндіктерін мүлт жіберіп жатты. Тіпті олар сан басымдылығына ие болса да, қақпа кілтін таба алған жоқ.
Үшінші, шешуші кезеңде шабуылшы Дмитрий Гренцтің пасынан кейін қорғаушы Валерий Орехов 44-минутта алыстан қақпа бұрышын дәл көздеп, Қазақстан құрамасын алға шығарды. Көп ұзамай, 45-минутта қарымта шабуыл кезінде қақпашы Адам Ваимен жекедара шыққан Евгений Рымарев (пас берген Роман Старченко) мергендік танытты. Іле-шала венгриялықтар тәртіп бұзып, қазақстандықтар сан басымдылығына ие болды. Қақпа алдындағы қарбалас сәтті ұтымды пайдаланған Е.Рымарев М.Семеновтің пасынан кейін 48-минутта есепті 3:0-ге жеткізді. Үш бірдей шайбаны жіберіп алғандықтан, жүйкесі сыр берген айдын иелері бұдан кейін де жиі тәртіп бұзды. Дегенмен одан нәтиже өзгерген жоқ.
Осылайша Қазақстан құрамасы бірінші кездесуінде өз қақпасына гол өткізбей, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Қазақстан құрамасынан бұл кездесуде қақпашы Х.Карллсон үздік ойыншы атанды.
Айта кетейік, Қазақстан мен Венгриядан басқа Будапеште Ұлыбритания, Италия, Польша және Словения құрамалары өнер көрсетуде. Қазақстандықтар келесі кездесуін 24 сәуір күні Ұлыбритания хоккейшілерімен өткізеді. Бүгін ұлыбританиялықтар словениялықтарды 3:1 есебімен тізе бүктірді. Демек, алдағы бәсекенің қызу өтері анық.
28 сәуірде мәреге жететін турнирде бірінші және екінші орынды иеленген командалар элиталық дивизионға жолдама алады.
  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал