27.07.2018, 15:42 6201 Қазақстан тұңғыш рет шорт-тректен Әлем кубогінің кезеңін қабылдайды

 

Халықаралық конькимен жүгіру спорты федерациясы (ISU) Қазақстанда шорт-тректен Әлем кубогінің кезеңі өтетінін ресми түрде бекітті, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі ҰОК ресми сайтына сілтеме жасап.

Кубоктік дода Алматы қаласында өтеді. Ал турнир 2018 жылдың 7-9 желтоқсанына жоспарланған. 

Қазақстанстан шорт-тректен әлемдік деңгейдегі жарысты алғаш рет өткізгелі отыр. Бұдан бұрын елімізде шортрекшілер қатысуымен Универсиада-2017 (Алматы) және Азиада-2011 (Астана) сынды кешенді турнирлер ғана өткен.

Кубокті өткізу үшін Алматыны таңдап алу кездейсоқтық емес. Спорттық инфрақұрылымы жасақталған заманауи спорт кешені мен Бүкіләлемдік студенттер ойынын өткізу тәжрибесі үлкен рөл ойнады. Одан бөлек, жанкүйерлердің белсенділігі де есепке алынды. Универсиада кезінде әрбір жарыс күні ұлттық құрамаға қолдау білдірген жанкүйерге толы болған еді. 

Қазақстандық шорт-трекшілердің әлемдік жарыстарда сәтті өнер көрсетуі өз жерімізде өтетін кубоктік додаға жанкүйерлерді көп жинайды деген сенім бар. Өткен маусымда біздің екі бірдей спортшымыз Әлем кубогінің жалпы есебіндегі жүлдегерлер тізіміне енген болатын.  Абзал Әжіғалиев 500 метрге жүгіруден Әлем кубогінің қорытындысы бойыншы екінші орын алды. Ал 1000 метрге жүгіретін қазақстандық Нұрберген Жұмағазиев үшінші сатыда. 

Өз елімізде өтетін Әлем кубогінің кезеңі ұлттық құрама спортшыларының көсіле шабуына мүмкіндік бермек.

Айта кетейік, шорт-тректен халықаралық маусым  8 қараша күні Калгариде (Канада) басталады. Қазақстанда үшінші кезең өтеді. 2018/2019 жылғы маусымда Әлем кубогінің жалпы есебі алты кезеңі өтеді.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал