24.07.2018, 19:26 746 Қазақстан ҰОК 2020 жылғы Токио Олимпиадасына дайындық кезеңін Жапонияда өткізеді

Бүгін, 24 шілде күні, Жапонияның Фукуока префектурасындағы Курумэ қаласында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен жапон тарабы 2020 жылғы Токио Олимпиадасының қарсаңында олимпиадалық құрамаларды дайындау туралы әріптестік  меморандумға қол қойды, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі ҰОК ресми сайтына сілтеме жасап.

Бүгін, Жапониядағы Олимпиада ойындарының басталуына тура екі жыл уақыт қалғанда Қазақстан ҰОК спорт Дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов пен Фукуока губернаторы Хироши Огава, қала мэрі Цутому Окубо әріптестік туралы келісімді бекітті. Бұл келісім бойынша, спортшылар төртжылдықтың басты додасына сапалы дайындық кезеңін жүргізіп, атлеттер үшін маңызды саналатын акклиматизацияда өтуге мүмкіндік беріледі. 

Салтанатты рәсім қайғылы жағдайда көз жұмған спортшы, Олимпиада ойындарының жүлдегері Денис Теннің қазасына байланысты Қазақстанға көңіл айтудан басталды. Курумэ қаласының мэрі Окубо мырзаның айтуынша, бұл трагелия қазақстандық мәнерлеп сырғанаушының талантын құрметтейтін Жапония халқын дүр сілкінткен. 

Маусым айында Курумэ қаласында 2020 жылғы ойындар қарсаңында ұлттық құрамаларды қабылдайтын, барлық халықаралық талаптарға жауап беретін жаңа көпсалалы спорт кешені ашылды. Кешенде ойын түрлеріне арналған барлық командалардың жаттығу жүргізуіне мүмкіндік бар.  Атап айтар болсақ, спорттық гимнастика, үстел теннисі, жекпе-жек түрлері, жеңіл атлетика және каноэмен ескек есушілерге барлық жағдай қарастырылған. Аталған келісім аясында жапондықтар отандық спортшылардың қайтарымсыз негізде жаттығу жасауына мүмкіндік береді.

Айта кетелік, Қазақстан ҰОК Жапониядағы жаттығу орталықтарымен келісім жүргізуді Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарынан кейін бастаған болатын. ҰОК тек қана Фукуока префектурасымен ғана емес, Нара префектурасының өкілдерімен де келісімге келіп жатыр.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал