29.08.2018, 8:52 9958 Қазақстандық дзюдошылардың қарсыластары анықталды

Джакартада дзюдо бойынша Азия ойындарының жеребесі тартылды. Ертең, жарыстың бірінші күнінде татамиге 4 салмақ бойынша балуандар белдеседі. Ерлер: -60 кг, -66 кг; әйелдер: -48 кг, -52 кг,  деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі ҰОК ресми сайтына сілтеме жасап.

Елдос Сметовтың (-60 кг) алғашқы қарсыласы индонезиялық Мохаммед Лювис. Оны жеңсе отандасымыз Отар Бестаев (Қырғызстан)\Йонг Джае Ан (Солтүстік Корея) жұбының жеңімпазымен кездеседі. Ал Елдос Жұмақанов (-66 кг) болса жарысқа екінші айналымнан қосылады. Оның қарсыласы Эркембайар Баттогтох (Моңғолия)/Сурасак Пунтанман (Тайланд) арасындағы кездесуде анықталады.

Қыздарымыздан Отгонцэцэцг Галбадрах (-48 кг) та жарысқа екінші айналымда қосылады. Ал Кәмшат Қарасайқызы (-52 кг) болса Солтүстік Кореялық Сонг Син Риммен күреседі.

Естеріңізге сала кетсек, ертең Джакартада өтіп жатқан Азия ойындарында дзюдо бойынша сайыстар Астана уақытымен сағат таңғы 8-де басталады. Онлайн сетканы ippon.org сайтынан көруге болады. Ал онлайн трансляция Азия ойындарының ютубтағы ресми каналында таратылады. Финалдық кездесулер халықаралық Олимпиада комитетінің «Olympic channel» арнасынан көрсетіледі.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал