29.06.2018, 9:17 736 Қазақстандық каратэшілер Хорватиядағы халықаралық турнирде бақ сынайды

29-30 маусым күндері Хорватияның Умаге қаласында WKF каратэден жастар арасындағы халықаралық турнир өтеді. Аталған сынға қазақстандық спортшылар да қатысады. Тап осы турнирде 2018 жылғы Жасөспірімдер Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынады, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі ҰОК ресми сайтына сілтеме жасап.

Хорватиядағы бәсекеде алты салмақ дәрежесі бойынша бар болғаны төрт жолдама сарапқа салынады. Бұл 86 елден келетін спортшылардың жеңіске деген жігерін одан әрі арттыратыны сөзсіз. Турнирде Жасөспірімдер Олимпиадасының ең соңғы жолдамасы сарапқа салынады. Әлемдік рейтингте бірінші орындарда тұрған 12 спортшы ғана Буэнос-Айрестегі Олимпиадаға тікелей жолдама алды. Осы лицензиялардың бірі 68 келіде сынға түсетін қазақстандық спаортшы Батырғали Әбілмансұрға бұйырғаны бізді ерекше қуантады. Соның арқасында Қазақстан Италия, Түркия, Дания, Словакия, Ұлыбритания, Грекия және Жапония секілді елдермен бір қатарда тұр.

Умагада Қазақстан құрамасына лицензиялар санын көбейтіп алуға үлкен мүмкіндік туып тұр. Айзере Тоқтағазы (53 кг), Әсел Қанай (59 кг), Амангүл Дүйсебай (59 кг), Олжас Құлажан (62 кг), Алмат Мұратовтар (76 кг) Хорватия төрінде жолдамаға таласады деген үміт бар.

Каратэ Буэнос-Айрестегі Олимпиада ойындарында бағдарламаға алғаш рет еніп тұр. Аталған сынға 48 үздік каратэшілер жиналып, ер балалар мен қыздар арасында үш салмақ дәрежесінде жүлдеге таласады.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал