21.07.2018, 13:12 9363 Қазақстандықтар Денис Тенмен қоштасты

Әйгілі спортшы Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салу үшін бүгін Астана мен Алматыға мыңдаған адам жиналды.

Спортшымен қоштасу рәсімі Астанада «Барыс Арена» спорт кешенінде өтті. Таң әлекеуімнен бастап халық көптеп жиналып, Денис Теннің суреті қойылған естелік қабырғаның алдына гүл шоқтары мен әртүрлі мамық ойыншықтарды және спортшының суреттерін қойып жатты. Қазалы шараға ҚР Ақпарат және байланыс министрі Дәурен Абаев, Оңтүстік Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Ким Дэ Сик, спортшылар Данияр Елеусінов, Екатерина Аидова, Денис Кузин және басқалар қатысты. Халықтың қарасы түске дейін де үзілген жоқ. Сондықтан, қоштасу рәсімінің екінші бөлімі Есіл өзенінің жағалауында өтетін болып шешіліп, естелік қабырға мен барлық гүл шоқтары Кенесары ескерткішінің жанына жеткізілді.

Сондай-ақ, даңқты спортшымен қоштасу рәсімі Алматыда Балуан Шолақ спорт кешенінде де өтті. Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салуға спортшының жақындары мен туыстары ғана емес, әртүрлі атақты тұлғалар да жиналды. Олардың арасында күрестен Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, чемпион боксшылар Геннадий Головкин мен Серік Сәпиев, теннисші Зарина Диас те болды. Ал марқұмның мәйіті салынған табытты Теннің өзі жазған әуеннің ырғағымен алып шықты.

Денис Теннің денесі Алматы қаласының маңындағы Дружба елді-мекеніндегі қорымда жерленді.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал