28.12.2017, 11:53 580 «Келесі жылы Джиро д’Италияға қатысқым келеді» - Алексей Луценко

 

Әлемдік гранд–турлардың бірі «Вуэльта -2017» көпкүндігінің 5 кезеңінде топ жарған, Әлем біріншілігінің топтық сынында үздік ондыққа кіріп, «Алматы» турын қатарынан 4 рет жеңген 25 жастағы отандасымыз Алексей Луценко «SPORTINFORM» САА тілшісімен алдағы маусымға деген жоспарларымен бөлісті.  

- Алексей, ең алдымен, сізді жазғы спорт түрлері бойынша «Үздік спортшы» атануыңызбен құттықтаймыз!

- Көп-көп рақмет! Ең алдымен, мені осы номинацияға лайық деп тапқан,  маған дауыс берген барша жанкүйерлеріме алғысымды білдіремін. Бұл менің еңбегімнің еленгені және аталған жүлде келер жылы маған үлкен мотивация  береді деген сөз.

                     

- «Астана» велокомандасы өз таныстырылымдарын елордамызда өткізіп жүргеніне және сіздің  команда сапына қосылғаныңызға да  4 жыл болыпты. Биылғы жаңа құрамды таныстыру кеші сіздің есіңізде нендей ерекшеліктерімен қалды?

- Иә, дұрыс атап өттіңіз. Осы уақытқа дейін өткізген таныстырудың бәрі тамаша өтіп келеді.  Ал 2018 жылға арналған кеш әлдеқайда жоғары деңгейде өтті. Яғни, жыл өткен сайын «Астана» өзін нағыз әлемдік деңгейдегі велокоманда екенін дәлелдеп келеді. Енді биылғы жылғы ерекшелік деп өткен жылмен салыстырғанда санымыздың 28–ден 30–ға артқанын айтар едім. Жалпы биылғы призентацияның ерекшелігі аталған іс-шара Астана қаласының 20 жылдығына орайластырып жасалды. Сондықтан біз келесі жылы барлық жарыстарда қаламыздың және еліміздің атын абыроймен қорғап, осы атаулы мерекені әлем жұртышылығына насихаттауға тырыспақ ниеттеміз.

Алексей, 2018 жылғы маусымда әр командадағы велошабандоздардың санын қысқартпақ. Енді команда атынан гранд-турларда тоғыз емес, сегіз, ал классикалық және басқа жарыстарда сегіз емес, жеті велоспортшы ғана жарыс жолына шыға алады. Бұл жаңа түзетулер сіздердің жаттығуларыңызға, команда тактикасына  қалай әсер етпек?

- Иә, енді тек әрбір командадан бір адамға кеміп, пелетонда 200 емес, 180 адам болады деген сөз. Мен бұл жағдайда алдыңғымен салыстарғанда үлкен айырмашылық болады деп ойламаймын. Мүмкін «Тур де Франс» сынды бірінші аптадан кейін негізгі пелотон қалыптасатын үлкен жарыстарда аталған өзгеріс өз әсерін тигізетін шығар. Ал өзге жарыстарда өзгерісті сезе қоймасымыз анық. Себебі, классикалық жарыстардың мекені саналған Бельгияда жолдар өте тар, оның үстіне қапталдан соғатын желді қосар болсақ, спортшылардың қауіпсіздігі үшін жасалған бұл қадамды көп нәрсеге көмектеседі дегенге күмәнім бар.

- Сіз велокомпьютердің көмегіне қаншалықты жиі жүгінесіз?

- Велокомпьютер көп жағдайда жаттығу жұмыстары үшін және спорттық директорларымыз жіберетін жоспардағы жекелеген жаттығуларды орындауға арналған. Өздеріңізде байқаған боларсыздар мәселен, Кристофер Фрум жарыс кезінде велокомпьютеріне үнемі қараумен болады. Өйткені, ол әр кез жүрек соғысы мен қаншалықты күш жұмсағанын осы құрылғы арқылы біліп отырады.  Демек, Фрум таулы кезеңдердің жекелеген аймақтарын қанша күш жұмсап, қандай жүрек соғысымен жүріп өту керектігін жоспарлап, одан әрі асырмайды. Аталған жайт барлық спортшыларға да қатысты. Міне, велокомпьютерлер өзіңнің бар күш-жігеріңді біліп отыру мақсатында өте керек құрал дер едім. Не десек те, қазір барлығы осы технологияның көмегімен дайындалады. Шынымды айтсам, мен де сол құрылғыдағы барлық көрсеткіштерімді бақылып, салыстырып жүремін. Бір жағынан әр жылдардағы нәтижелерімді біліп отырған өзіме де қызық. 

- Биыл «Джиро д’Италия-2018» бен «Тур де Франс-2018» көпкүндіктерінің жарыс жолы белгілі болды. Сіз және команда менеджері Алексей Винокуров екеуіңіз  Тур де Франстың жарыс жолын таныстыру іс-шарасына қатыстыңыздар. Сол жарыс жолдарына берер бағаңыз қандай?

- Иә, өзім куә болған «Тур де Франстың» келесі жылғы жарыс жолы оңай болмайын деп тұр. Алғашқы аптадағы кезеңдер теңіз маңында өтетін болғандықтан қапталдан соғатын жел біраз қиындық туғызуы бек мүмкін.  Тағы командалық және жекелеген уақыттық кезеңдер бар. Ал таулы кезеңдердегі жарыс жолының көпшілігі қысқа қашықтықтан тұрады. Меніңше, дәл осындай кезеңдерді бағындыру өте ауыр, әрі үнемі қарқынды қимылдауды қажет етеді. Сондықтан мен секілді спринтерлер мен классиктерге аталған кезеңдер өте қауіпті. Мәселен, жарысты амалсыз ерте аяқтамау үшін Франциядағы өткен маусымның сәтсіздігін назарда ұстаған дұрыс. Ал «Джиро д’Италияның» 2018 жылғы кезеңдерін толық қарап үлгермедім. Тек алғашқы үш кезеңнің алғаш рет Еуропадан тысқары жер Израильде өтетінін ғана білемін. 

 - Алексей, келесі жылғы жоспарларыңыз жөнінде айтып берсеңіз. Мысалы, өзіңіз қай жарыстарға қатысқанды қалар едіңіз?

Маусымның алғашқы бөлігінде көбіне классикалық жарыстарға қатысу ойда бар. Көктем кезінде Бельгия жолдарында Фландрия туры мен, Гент–Вевельгемдегі біркүндіктерде бағымды сынап көргім келеді. Дәл осы уақытта ең алпауыт көпкүндіктерге дайындық ретінде қарастыратын шығармын.  Гранд- турларға тоқталар болсақ,  «Джиро д’Италияда» өзімді байқап көргім келеді. Осыған дейін 3 рет Франция, 2 рет Испания жолдарында тер төккенімді ескерсек, жаңа жарыс жолдарында өзімді байқап көру тәжірибемді арттыруға көмектесер еді.  Алайда, қайда бақ сынайтынымды Испаниядағы оқу-жаттығу жұмыстары кезінде басшылықпен ақылдаса отырып шешуге тырасамыз. Ал маусымның соңына қарай әлем біріншілігіне қатысу жоспарда бар. Сосын тағы Алматы туры мен мүмкін Түркия турына қатысып қалармын. Міне, 2018 жылға арналған жоспарларым осындай. Алайда, өзгерістер болып қалуы да ғажап емес.

- Жазда анау айтқандай үздік нәтиже көрсете алмадыңыз. Бұл, әрине, Франция гранд-турының 9 кезеңінде жарыс жолында құлап қалуыңызбен байланысты шығар.  Сол кездегі жағдайды қалай бағамдар едіңіз?

-Иә, сол сәтті есіме алсам, өзімді-өзім жазғыра бастаймын. Шыны керек, сол Тур де Франсқа екі ай дайындалдым. Биік таулы аймақтарда екі бірдей жиын өткізіп, жаттығығудағы жоспарды артығымен де орындаған кездерім болды. Ақыр соңында соншама жаттығуымның түбіне бір ғана сәтсіз қимылымның себеп болғаны қатты қынжылтады. Бірақ, бұл спорт қой. Сондықтан бұндай келеңсіз жайттар болып тұрады.  Ал мен кәсіби спортшы болғандықтан кездескен келеңсіздіктерді еңсеріп, лайықты жауап қайтаруға әрдайым дайынмын.

              

Өткен маусымда көрсеткен нәтижелеріңізді қарап отырсақ, спорттық бабыңызға дәл көктем мен күз мезгілдерінде келеді екенсіз.  Әлде бұл тек биылғы көрсеткішіңізге ғана қатысты ма?

- Егер соңғы 3 жылғы көрсеткіштеріммен салыстырар болсам, велосипед ершігінде мен өзімді күз мезгілінде тың сезінемін. Яғни, бабыма осы кезде шындап келе бастаймын. Алайда, көктемгі жарыстарда да барымды салып келем. Ал жыл соңында нәтижемнің жақсара түсуі көбіне маусымның сол уақыты өзіме қолайлы екендігімен байланыстырған жөн болар. Өз басым, бабына маусымның соңына жақындағанда келетін спортшыларды қатты сыйлаймын. Әдетте, ондай велоспортшылар қажырлы, қайратты әрі төзімді болады. 

 Шамкен Байырбек

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал

Пікірлер (0)