06.07.2018, 15:32 862 Көкпардан Қазақстан чемпионаты: «Адай ата» командасы «Сейхунды» ойсырата жеңді

Астанадағы «Қазанат» атшабарында көкпардан өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының жартылай финалы аяқталды. Чемпионаттың қола жүлдесін Маңғыстаудан облысынан келген «Адай ата» командасы мен Қызылорда өңірінің «Сейхун» командасы сарапқа салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкпардан 18-ші мәрте өткізіліп жатқан чемпиоанттың жартылай финалын маңғыстаулықтар қарқынмен басталды. 20 минуттық бірінші кезеңнің алғашқы үш минутына жетер-жетпес уақытта «Адай атаның» теміртақым көкпаршылары арынды екпінмен 2 салым салып жіберді. Алғашқы кезеңнің соңына дейін маңғыстаулықтар қарқынынан тайған жоқ. Кезек-кезек салған салымдардың санын 10-ға жеткізгенде, сейхундықтар бар-жоғы екі салыммен жауап берген еді. Бірінші кезеңнен кейін 10 минуттық үзілістен кейін көкпар қайта басталып кетті. 35 келілік серкеге жармаса таласқан көкпаршылар барын салды. Ойынның аяқталуына 5 минут қалған кезде «Адай ата» командасының бір ойыншысы ереже бұзғаны үшін 5 минут ойыннан шеттетілді. Алайда «Сейхун» осы артықшылығын (4 көкпаршыға қарсы 3 көкпаршы) пайдалана алған жоқ. Тіпті тартысты ойын аяқталғанына 50 секунд уақыт қалғанда «Адай ата» тағы бір салым салып үлгерді. Қорытындысы есеп: 15:4. Жеңіс - Маңыстаудан келген «Адай ата» командасының еншісінде.

Көкпардан Қазақстан чемпионатының финалында Шымкент қаласы мен Жамбыл облысының көкпаршылары бақ сынасады. Ал сағат 17:00-де «Қазанат» атшабарында бәйге - «Астана кубогы» басталады.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал