05.06.2018, 10:50 698 Конфедерация кубогының жеребе тарту рәсімі өтті

Астанада Конфедерация кубогының ІХ маусымындағы бокс бәсекесінің жеребесі тартылды, деп хабарлайды «SPORTINFORM» тілшісі Қазақстан бокс федерациясының ресми сайтына сілтеме жасап.

Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясының жыл сайынғы дәстүрлі турнирінде еліміздің 14 облысы мен екі қаласы – Алматы және Астанадан командалар қатысып, кім мықтыны анықтайды.

Жеребе тарту рәсіміне бокстан әлем чемпионы Ләззат Күнгейбаева қатысты. Рәсім кезінде командалар тең түскен жағдайда, жеңімпазды анықтау мақсатында өткізілетін шешуші жекпе-жектің қай салмақта өтетіні де белгілі болды. Сондай-ақ, ширек финалдық кездесулерді қабылдайтын қалалар да анықталды.

2018 жылы А тобына Алматы, Батыс-Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстары енді.

С тобында Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қостанай және Ақтөбе облыстары енген. 6-9 қыркүйек күндері А тобындағы кездесулерді Павлодар, С тобындағы жекпе-жектерді Шымкент қабылдайды.

В тобына Астана, Атырау, Солтүстік-Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары енсе, D тобына Маңғыстау, Алматы, Қызылорда және Ақмола облыстары кірді. Қыркүйектің 13-16 аралығында екі топтағы ширек финалдық бәсекелер Петропавл және Ақтау қалаларында өтеді. Әрбір 16 команданың құрамында 20 спортшыдан бар (10 – негізі құрам, 10 – қосалқы құрам).

Негізгі және қосалқы құрам арасындағы тепе-теңдікті сақтау үшін командалар «7:3» қағидасын ұстану керек. Яғни, 23 жасқа дейінгі спортшылар саны жетеу, жасы 23-тен асқан спортшылар саны үшеу болуы тиіс.

Екі команданың әрбір кездесуі 10 жекпе-жектен тұрады (Егер есеп 5:5 жағдайымен тең аяқталса, қосымша кездесу өтеді).

Кубоктың жартылай финал мен ақтық сындағы кездесулері дәстүр бойынша желтоқсан айында өтеді. Бұл бәсекелер өтетін қаланы спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясы анықтайды. Шешуші сындарды өткізуге еліміздегі бірнеше облыс үміткер болып отыр.

Жеңімпаз команда дәстүр бойынша 25 миллион теңге сыйақы алады. Өткен маусымдардағы Кубок иесі атанған командалар: Астана (2010,2013), Қарағанды (2011), Жамбыл (2014), ОҚО (2015,2017) және Маңғыстау (2012,2016) облыстары.

 

 

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал