05.11.2018, 12:19 8390 Кукушкин әлемдік рейтингте көтерілді

Қазақстандық Михаил Кукушкин бүгін жаңартылған дүниежүзілік рейтингте 51-орынға көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

М.Кукушкин осылайша жылды жақсы қорытындылап отыр. Ол өзінің рейтингтегі үздік көрсеткішіне (46-орын) сәл ғана жетпей тұр.

Әлемдік рейтингте сербиялық Новак Джокович испаниялық Рафаэль Надальды ығыстырып, көш бастады. Швейцариялық Роджер Федерер үздік үштікті түйіндеп тұр.

Н.Джокович жексенбі күні мәреге жеткен, жүлде қоры 5 млн АҚШ долларына жуықтайтын Париж турнирінде финалға дейін жетіп, онда ресейлік Карен Хачановқа жол берген болатын. Бұл жарыста К.Хачанов тамаша өнер көрсетіп, жеңімпаз атанғаннан кейін рейтингте 11-сатыға шықты. Ол турнир барысында қазақстандық М.Кукушкинді сүріндірген америкалық Джон Изнерді де ұтты.

Оның алдында өткен Вена турнирінде Михаил Кукушкин жартылай финалға дейін жетіп, соның нәтижесінде рейтингте 71-ден 54-орынға көтерілген болатын.

Әйелдер арасындағы рейтингте Юлия Путинцева 45-сатыда қалса, Зарина Дияс бір орынға (91) кейін сырғыды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің Париж турнирінде тартысты матчта Д.Изнерден ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал