07.04.2018, 23:41 1066 Құрбандық бекерге шалынбады. «Астана» мен «Ордабасы» көш бастап келеді

Футболдан ел чемпионатының төрт турынан кейін «Астана» мен «Ордабасы» көш бастап келеді.
Төртінші турда астаналықтар Павлодарда жергілікті «Ертісті» тізерлетті. Бұл ойында қазақ футболының жас жұлдыздарының бірі, Қазақстан ұлттық құрамасына биыл алынған Бақтияр Зайнутдинов хет-триктің авторы атанып, өзінің шеберлігі өсіп келе жатқанын көрсетті. Бұдан кейін Роман Мұртазаев, Юрий Перцух және Марин Томасов есепті 6:0-ге жеткізді. Тек осыдан кейін ғана 90-минутта Гондурас елінің өкілі Эдди Эрнандес есепті қысқарта алды.
«Ертіс» спорттық тарихында өз алаңында қақпасына алғаш рет алты доп жіберіп алып, 1:6 есебімен ойсырай жеңілді. Ал елордалықтар чемпиондықтан негізгі үміткер екендігін тағы да дәлелдеді.
Тағы бір ұпай жоғалтпаған команда - шымкенттіктер өз алаңында «Ақтөбені» 3:1 есебімен ұтты. Бұл мачта алаң иелерінен Темірлан Ерланов, Тимур Досмағамбетов, Иван Нагаев мергендік танытса, қонақтардан Хрвое Миличевич бір ғана голмен жауап қайырды.
Алматының «Қайраты» турнир кестесінде 10 ұпаймен үшінші орында келеді. Исаэл, Уго Сильвейра және екінші таймда алаңға шыққан Георгий Жуков гол соққан ойында «Қайрат» Оралдың «Ақжайығын» 3:0 есебімен ұтты.
Өз алаңында аса тартысты бәсекеде «Атыраудан» 3:2 есебімен басым түскен Қостанайдың «Тобылы» 9 ұпаймен төртінші орынға көтерілді.
Петропавлдың «Қызылжарын» 2:1 есебімен тізе бүктірген Қарағандының «Шахтерінде» 7 ұпай бар. Ол «Ертісті» ығыстырып, бесінші сатыға жайғасты. Өз алаңында Қызылорданың «Қайсарын» жеңген Талдықорғанның «Жетісу» командасы сегізінші орынға шықты.
Алдағы сенбі, 14 сәуір күні өтетін бесінші турда орталық матч ойналады. Елордада «Астана» Алматының «Қайратын» қабылдайды. Міне, осы кездесуде чемпиондықтан үміткер қос команданың шама-шарқы толық белгілі болады. Сондай-ақ сол күні «Қайсар» - «Ертіс», «Ақжайық» - «Ордабасы», «Ақтөбе» - «Тобыл», «Атырау» - «Шахтер», «Қызылжар» - Жетісу» ойындары өтеді.

 

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал