04.04.2018, 11:34 887 Леффлер «Канелоның» орнына басқа қарсылас іздеп жатыр

Головкиннің промоутері жанкүйерлерді Лас-Вегастағы жекпе-жекке алған билеттерін кері қайтармауға шақырды. Леффлер «Канелоның» орнына басқа қарсылас қарастырып жатыр екен.

Орта салмақтағы WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкиннің (37-0-1, 33 КО) промоутері Том Леффлер қазақстандық боксшының Лас-Вегастағы жекпе-жегін тамашалауды жоспарлап отырған жанкүйерлерге билеттерін кері қайтармауға шақырды.

«Синко де Майо күні (5 мамыр) Лас-Вегасқа ұшаққа тапсырыс беріп, GGG жекпе-жегін тамашалауды жоспарлаған барлық жанкүйерлерді билеттерін кері қайтармауды сұраймын. Себебі, біз 5 мамыр күні Головкиннің жекпе-жегін ұйымдастырамыз. Мейлі ол «Канелоға» қарсы жекпе-жек болмаса да», - дейді Леффлер.

«Біз қазір барлық нұсқаларды қарастырып жатырмыз. Әрине, жанкүйерлердің ең асыға күтіп жүрген жекпе-жегі GGG-«Канело» арасындағы айқас еді. Егер біз бұл кездесуді ұйымдастыра алмасақ та, Головкин жекпе-жек өткізгісі келеді. Бірақ қарсылас анықталмады»,- деді промоутер.

Еске салайық, 27 наурызда Невада штатаның Атлеттер комиссиясы Альваресті екі допинг сынаманың (17 және 20-ақпан) кленбутерол дәруменіне оң нәтижесін бергені үшін уақытша жекпе-жектерден шеттетті. Мексикалық боксшының ісіне байланысты нүкте 10 сәуір күні шығуы керек еді. Алайда іс 18 сәуірге ауыстырылды.

Головкиннің промоутері қазақстандық боксшының Альварестің ісі қалай аяқталатынына қарамастан 5 мамыр күні шаршы алаңға шығуға дайындалып жатқанын хабарлады. Олардың екінші кездесуі де Лас-Вегастағы T-Mobile спорт кешенінде өтеді деп жоспарланған.

28 наурызда ESPN арнасының сарапшысы және Америкадағы танымал бокс шолушысы Дэн Рафаэль Головкин мен Альварес арасындағы жекпе-жек күні (5 мамыр) өзгеруі мүмкін деген болжам жасаған.

29 наурызда қазақстандық және мексикалық боксшы арасындағы қарымта жекпе-жекті ұйымдастырушылар жарнамалық науқанды тоқтатқаны хабарланды. Los Angeles Times басылымының жазуынша, Golden Boy Promotions жекпе-жекке қатысты барлық шараларды тоқтатты, HBO арнасы да жарнамалауды уақытша үзді, ал MGM Resorts билет құнын қайтаруға дайын екендерін жеткізген болатын.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал