31.10.2018, 11:20 1127 Лёффлер Головкиннің болашағы туралы айтты

 

Промоутер Том Лёффлер (360/GGG/K2 Promotions) өзінің жұлдызды клиенті қазақстандық Геннадий Головкин (38-1-1. 34 КО) үшін жаңа телесеріктес нұсқаларын әзірлеп жатыр.

Головкин 2018 жылдың қыркүйегінде мексикалық Сауль Альварестен (50-1-2, 34 КО) жеңіліп қалғаннан кейін, оның НВО телеарнасымен келісімшарт мерзімі аяқталды. Альварес 365 миллион долларға DAZN онлайн-стриммингпен келісім жасады. Стримминг Головкинмен келісім жасауға да қарсы емес, бірақ компания қазақстандықтың промоутер Оскар де Ла Хойямен (Golden Boy Promotions) немесе Эдди Хирнмен (Matchroom Boxing) серіктестік етуін талап етіп жатыр.

Головкиннің промоутері қосымша нұсқа іздеп, британдық нарыққа назар аударды. 2016 жылдың қыркүйегінде қазақстандық Лондонда (Ұлыбритания) жергілікті чемпион Келл Брукты (37-2, 26 КО) жеңген еді. Головкин Британияда бұған дейін, одан кейін де боктаспады, деп жазады vringe.com.

«Бұрын WBO чемпионы Билли Джо Сондерспен айқасуға болар еді. Бірақ, ол допинг сынамасынан кейін титулынан айырылды. Енді жекпе-жекке шығудың еш мәні қалмады. Бізді ол Головкиннің коллекциясында жетіспей тұрған титулымен ғана қызықтырған еді», - деді Лёффлер.

Лёффлер 76,2 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі жеңімпаз Каллум Смиттің (25-0, 18 КО) нұсқасын ең қызықты екенін атап өтті.

«Британияда тағы кімді ерекше атап өтуге болады? Каллум Смит азамат. Юбэнк Дигейлпен жұдырықтасып жатыр. Онда танымал боксшылар көп. Головкинді Британияға оралу қызықтырады деп ойлаймын. Смит - жақсы боксшы. Бұл керемет айқас болар еді. Біз бұрын да салмақты жоғарылатып, супер орта дивизионда титул үшін айқасуды талқылаған болатынбыз. Бірақ, бұрын лайықты қарсылас болған жоқ», - деп айтты промоутер.

Еске салайық, мексикалық Альварес келесі айқасын 76,2 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде WBA чемпионы Рокки Филдингке (27-1, 15 КО) қарсы өткізеді.

«Өздеріңіз көріп отырсыздар, Альварес Филдингпен айқасу үшін салмағын қосып жатыр. Оның шешімін барлығы қолдамаса да, оның таңдауы сол. Егер Головкин де салмақтан көтерілетін болса, тек қана маңызды айқас үшін салмағын жоғарылатады. Егер 76,2 келіде қаржылай жағынан жақсы нұсқалар болмаса, орта дивизионда қалады. Бұл әйгілі дивизион. Головкинде 72,6 келіге дейін салмақ қосу мәселесі жоқ», - дейді Лёффлер.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал