05.04.2018, 15:16 290 Маргарита Мұқашева үшінші рет Азия ойындарын жеңе ала ма?

Түркияның Белек қаласында өтіп жатқан ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындарына қатысып жатқан спортшылардың арасында желаяқ Маргарита Мұқашева да бар, еп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі ҚР жеңіл атлетика федерациясына сілтеме жасап.

Маргарита 2016 жылы Рио Олимпиадасынан кейін уақытша спорттан қол үзген болатын. Оған себеп те жоқ емес. Солтүстік Қазақстан облысының атлеті декреттік демалыста болған. 2017 жылы тамызда Роман есімді ұлды дүниеге әкелген. Қазан айында спортшы қайтадан жаттығуды бастап кетіпті.

– Қолыма нәрестемді алып, өз-өзіме келе бастаған соң, аздаған жаттығулар жасап жүрдім. Күнделікті аздап жүгіріп, жаттығулар жасап тұрамын. Мұны әрине толыққанды жаттығу деп айтуға келмейді.  Шынымды айтсам, жеңіл атлетиканы сағынып қалыппым. Енді спорттық бабымды қайта қалпыма келтірсем, жарыс жолына шығатын боламын. Негізі бұған дейін де мұндай үзілістер болған. Мысалы, 2015 жылы ешқандай жарысқа қатыспадым. Себебі сол кезде қатты шаршадым, демалуды дұрыс деп таптым. Кейіннен қайтадан жаттығу жұмыстарын бастап, Олимпиада жолдамасына қол жеткіздім, – деген өткен жылы Маргарита Мұқашева.

Биылғы жылдың қаңтар айында спортшы баласымен Қырғызстанға барып, Ыстықкөлде дайындалды. Енді, міне, жазғы Азия ойындарына толыққанды жаттығу үшін Белекке келді.

Маргарита Мұқашеа – 1986 жылы 4 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданында дүниеге келген. Петр Литвиненко пен Анатолий Бычаевтан тәлім алған. Жеңіл атлетикамен 14 жасынан айналысады. Негізі тегі – Мацко. Бұрын жарыстарға Маргарита Мацко болып қатысқан. Кейін тұрмысқа шыққан соң, тегін Мұқашева деп өзгертті.

Маргарита негізнен 800 метрге жүгіреді. Ұзақ жылдар бойы дәл осы қашықтыққа жүгіретіндердің арасында Қазақстан және Азия құрлығындағы үздік спортшылардың бірі.

Азия чемпионатында төрт рет жүлдеге іліккен. Бірақ алтын бұйырмады. Есесіне екі дүрін Азия ойындарының чемпионы. Алдымен 2010 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласында топ жарса, кейіннен бұл жетістігін 2014 жылы Инчхонда қайталады.

Сондай-ақ 2013 жылы Қазанда өткен студенттер арасындағы жазғы Универсиада ойындарында үздік шықты. Айтпақшы, Татарстан астанасында ол Қазақстан рекордын жаңартты (1:58,96).

Егер, биыл Индонезия астанасында тағы да топ жаратын болса, үш дүркін Азия ойындарының жеңімпазы атанады.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал