16.10.2017, 15:32 6416 "Қазақстанды Борат арқылы таныдық"

Спорт саласы ел имиджін көтеруде үлкен маңызға ие. Әлемдегі алты құрлықты бір нүктеге жиып, бірлікке шақыратын да, бәсекелестік арқылы дамуға жол ашатын да - спорт.

Еліміздің атын әлемге танытқан Бекзат Саттарханов, Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, Қанат Ислам секілді тарландар ұлт мақтаныштары ретінде ардақталары сөзсіз. Ел боксы тарихының соңғы хроникаларына қарасақ, есімі ерекше аталатыны - Генадий Головкин. Себебі, ол орта салмақта үш тұжырым бойынша әлем чемпионы, бір де бір рет жеңіліп көрмеген кәсіби боксшы. Ең бастысы өз елінің патриоты.

Бұл әлем халқы мойындаған, бұлтартпас ақиқат. Тіпті WBC Президенті Маурисио Сулейман: "Головкин -  өз ұлтының мақтанышы ғана емес, әлем жұлдызы.  Оған дейін біз Қазақстанды "Борат" фильмі арқылы ғана танитын едік. Ал GGG өз елін әлем картасына тағы бір мәрте нықтады. Қазақстан кәсіби бокс әлемінде үлкен жетістіктерге жете алады. Болашақта осы бағыт бойынша тығыз байланыс орнатып, жұмыс істейтін боламыз", - деген болатын.  

Өткен айдың бокс оқиғасы әлем жанкүйерлерінің наразылығын тудырып,  қызу пікірталасқа ұласты. Әлем реванш күтуде.  Естеріңізге сала кетсек, WBC ұйымының басшысы Маурисио Сулейман Баку қаласында өткен ББК-нің 55-конвенциясы аясында Головкин мен Сауль Альварес арасында екінші жекпе-жек өткізуге рұқсат берілгендігін мәлемдеген еді.

Ол өз сөзінде: "Жекпе-жек айналасында қандай да бір дау туса, біз қарымта өнер көрсетуге жағдай жасаймыз. Қыркүйек айында өткен жекпе-жек бокс тарихындағы ең елеулі оқиғалардың бірі болды. Алайда, нәтиже көп наразылықтар тудыруда. Ал бұл мәселенің жалғыз шешімі - реванш өткізу. Сол себепті келесі кездесуде ең үздік төрешілерді тағайындауға уәде береміз". 

 

Қарымта жекпе-жек келесі жылдың мамыр айында өтуі мүмкін. Қазіргі таңда қарымта айқас өткізу үшін ресми келісімшарттар жүргізілуде. Олай болса, Головкиннің IBF белбеуіне міндетті қарсыласы Деревянченко кездесуі кейінге шегеріледі.

Құндыз Мәжитова

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал