18.06.2018, 15:28 17235 «Менде бір ғана мақсат – әлем чемпионы атану» - Батыр Жүкембаев

IBO International және WBC Continental Americas титулдарының иегері, қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев «SPORTINFORM» САА тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.

Әңгіме барысында чемпион неге Байзақованы жары қылып алмайтындығы жайлы және өмірінің қиын-қыстау тұсында кімдердің қолдап-демегендігін айтып берді. Сондай-ақ,  алға қойған жоспарларымен де бөлісті.   

Кәсіпқой боксшымен Головкинсіз әңгіме

- Сіздің отбасыңыз жайлы ақпараттар мүлде аз. Әңгімені содан бастасақ.

- Қазақтың қарапайым отбасынан шықтым. Ата-анам, екі ағам, екі әпкем және менен кейінгі кішкентай қарындасым бар. Берекелі шаңырақта дүниеге келдім. Жамбыл облысының тумасымыз. Қазіргі таңда Алматы қаласында бас жидық.

- Жұбайыңыз бар ма?

- Жоқ, әлі отау құрмадым.

- Неге?

- Үйлену дегеніңіз оңай шаруа емес қой. Жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек. Десе де, жақын арада келін түсіріп, жақындарымды қуанту ойда бар.

- Егер де мүмкіндік болса, әлеуметтік желі жұлдызы Байзақованы жарыңыз етіп алар ма едіңіз?  

- Құдай сақтасын! Менің ойымша, кез келген қазақ жігітіне ондай қыз тән емес. Өз басым, тіпті, бұл қызды сөз етуден аулақпын.

- Ал, енді айтыңызшы Батыр Жүкембаевтың жұбайы қандай болуы керек?

- Ең бірінші кезекте иманды болса деймін. Аллаға деген құрметі мен қорқынышы бар адам менің көңілімнен шығатындығы сөзсіз. Сондай-ақ, қыздың қазақилығына да мән беремін.

- Сөзіңізден түсінгенім бойынша, сіздің де жарыңыз көптеген спортшылардың жұбайы сықылды хиджаб киетін болады. Солай ма?

- Хиджаб киу – дінімізге қайшы емес. Діннің фанаты болып кету де емес. Егер де жүрегінде иманы болып, намазға жығылып, барлық тірлігін жасаса өз басым разы болар едім. Алайда, адамды қинап бұл жолға салуға болмайды. Барлығын өз еркіне қалдырамын  

- Өзіңіз намаз оқисыз ба?

- Иә, Әлхамдулла!

- Жә, дін мәселесін жылы жауып қоя салайық. Бізбен бөлісер қандай да бір жаңалығыңыз бар болар.

- Қыркүйек айында келесі жекпе-жегімді өткіземін. Бір-екі аптаның ішінде қарсылас та белгілі боп қалады. WBC белбеуін қорғамақ ниеттемін. Әзірге бар жаңалығым осы боп тұр. 

- Қазір жалпы немен айналысып жатырсыз?

- Бес-алты ай шетелде боп келдім. Қазір елге оралдым. Өзіміздің ет пен қымызды сағынып келген жайым бар. Қолым қалт етсе, жанұямның қасында уақыт өткізуге тырысамын. Бір сөзбен айтқанда, туған жерімде арқаны кеңге жайып, демалып жатырмын. Бірақ, жаттығуды да ұмытып жатқан жоқпын. Күнделікті белгіленген нормаларды орындаймын. Барлығы жоспар бойынша келеді.

- Канадада жүргеніңізге 2 жылдан асты. Шетелдегі өмір қалай, бой үйреттіңіз бе?

- Үйрендім. Қазір Канада елінің Монреаль қаласында тұрып жатырмын. Ол жақтың халқы өте қарапайым, қонақжай екен. Қазақ еліне қатты ұқсайды. Ең бастысы, Канададағы атмосфера ұнап жатыр. Десе де, кіндік қан тамған жерге жетпейді ғой.  

- Ол жақтан достар таптыңыз ба?

- Иә, табылды. Канададағы қазақ қандастарымызбен араласамын. Көрші-қолаңнан да жақсы достар табылды. Солардың арқасында жырақтағы елге тез сіңісіп кеттім.   

- Достарыңыз көп сияқты ғой. Олардың басым бөлігі спортшылар шығар...

- Иә, Аллаға шүкір, көп. Спортшылардан көбінесе бокста жүрген бауырларыммен қарым-қатынасым жақсы. Олардың ішінде кәсіпқой, әуесқой бокста жүргендер көп.

- Боксшылардың арасындағы достық қандай болады?

- Достық деген сала таңдамайды деп білемін. Әрине, суретші мен суретші бір портрет жайлы әңгіме қылса, боксшылардың да әңгімесі бокс туралы болады. Ол заңды құбылыс емес пе? Ең бастысы, әрдайым бір-біріміздің жанымыздан табылып, қолдау көрсетеміз.  

- Сіздің қоржыныңызда қазір IBO International және WBC Continental Americas титулдары бар екенін білеміз. Бұл белбеулерге қалай жеттіңіз, соның қайсысы сіз үшін ерекше маңызға ие?

- Әркімге өзінің бірінші жеңісі, бірінші қадамы ыстық деп ойлаймын. Менде қазір екі белбеу бар. Екеуі де оңайшылықпен келген жоқ. Тынбай еңбек еттім. Десе де, таңдау керек болса, ойланбастан IBO International титулы дер едім.

- Алдағы уақытта тағы қандай титулдарға қол жеткізу ойда бар?

- Менде бір ғана мақсат – әлем чемпионы атану. Бес нұсқа бойынша абсолютті жеңімпаз атансақ деген талпынысым бар. Сол бағытта жұмыс істеп келемін.

- Бұл мақсатыңыздың жүзеге асуына қанша уақыт қажет?

- Қойылған сұрағыңызға нақты жауап бере алмаймын. Біріншіден, алда болар іске жоспар құрғанды жақтыртпаймын. Екіншіден, бұл мәселені жалғыз мен шешпеймін ғой. Промоутер, менеджерлермен ақылдасқаным абзал. Олар қандай қарсылас таңдайды, қай уақытта жекпе-жекке шығаратындығы тағы да белгісіз. Олардың өз жоспарлары бар. Өз басым жақсы титулды ұрысқа шыққым келеді. Ертең болсын дайынмын. Дегенмен, барлығы мен қалағандай бола бермейді. 

- Барлық жекпе-жегіңді (13 кездесу) Канадада өткіздің. Шетелде халық танып жата ма?

- Аллаға шүкір. Мені қазір қаланың үлкен орталықтарында жұрт танып жатады. Суретке түсіп, қолтаңба сұрайды. Ең соңғы ұрыстан кейін танымалдық артты.

- Канададан басқа елде жекпе-жек өткізу ойда жоқ па?

- Әрине, ойда бар. Жақын арада АҚШ-та кездесу өтіп қалуы ықтимал. HBO, ESPN сынды телеарналармен келісімге келсек болғаны. Мен дайынмын. 

- Қазақстанда ше?

- Шынымды айтсам, өз елімде жекпе-жекке шығу – басты армандарымның бірі. Отандастарымның алдында өнер көрсеткім келеді. Оның да ауылы алыс емес деп ойлаймын. Жақындап қалдық сол сәтке.

- Кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуіңізге оралайықшы. Дебют сәтті болды деп айта алмаймыз. Ұрыс барысында жарақаттанып, жекпе-жекті соңына дейін жалғастыра алмадыңыз. Содан кейін қалай қалыпқа келдіңіз, психиолгияық тұрғыда қаншалықты қиынға соқты?

- Аяғымды қатты жарақаттап алдым. Алайда, қазақ болғандықтан біз де намыс бар. Қазақ жігіттері оңай шағылатын жаңғақ емес. Сол төбелестен кейін алдыға талпынып, өзімді дәлелдеуге тырыстым. Әрине, мұндай сәтсіздік кезінде әркімнің ішінде бір өкініш болады. Кез келген сәтсіздік сәттілік алдындағы сынақ дедім де, алға жылжи бердім. Соған толықтай сендім. Сенімім мені алдамады.  

- Сол қиын тұста сізді кім демеді?

- Ол кезде ең бірінші қамқоршы болған өзімнің отбасым. Одан кейін менеджерім Анна Реваны айта аламын. Негізі дәл осындай жағдайларда көптеген менеджерлер спортшыларын тастап, келісімшартты бұзып жатады. Ал, менің менеджерім үлкен сенім артты, әлем чемпионы болатынындығыма иланды. Анна ханымның алдында борыштармын. Мүмкіндікті қолданып, сол мезетте мені қолдаған барша жанға алғыс білдіргім келеді.

- Жеті жекпе-жектің бірінші раундында қарсыласты нокаутқа жіберіпсіз. Негізі бұл құбылыс сіздің салмағыңызда (63,5 кг) сирек кездеседі. Мұның сыры неде?

- Боксшылар өзі әртүрлі келеді. Біреулер шоу көрсетеді, басқа біреулер тағы да басқа тактика қолданады. Мен агрессивті боксшылардың қатарынанмын. Көп соққы бағыттау – менің стилімнің басты ерекшелігі. Бірақ, рингке шыққан кезде қарсыласты бірден құлатып тастаймын деген ой болмайды. Барлығы ұрыс алдындағы дайындыққа байланысты.

- Сіз солақай боксшысыз ғой. Мүмкін сол артықшылығыңыздан болар...

- Иә, бокста солақайлар көбінесе аз келеді. Сондықтан да оңақайларға солақай боксшылармен жұдырықтасу қиынға соғады. Келісуге тура келеді. Мұның да бір өз үлесі бар.

- Мұны сіз сараптап, әдейі солақай болдыңыз ба, әлде туылғаннан бері солай ма еді?

- Жоқ, туылғалы бері солақаймын. Тамақты сол қолмен жеймін, қалам ұстасам да сол қолыма жүгінемін.

- Халықаралық бокс ұйымының (IBO)жаңартылған рейтингінде сіз үздік 30 боксшының қатарына ендіңіз. Рейтингпен келісесіз бе?

- Толықтай келісемін. Барлығы орынды деп санаймын. 13 жекпе-жек өткізіп, әлемдік боксшылардың ТОП-30 тізіміне ену – үлкен мәртебе. Бір екі ұрыстан кейін үздік ондыққа кіруім де мүмкін.  

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал