30.06.2018, 12:11 499 Месси vs Гризманн. Кім командасын алға сүйреп шығады

Бүгін Қазан қаласында Аргентина мен Франция құрамалары плей-офф бәсекелерін бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қос команда бұл чемпионатта әзірге жарқырап көзге түсе қойған жоқ. Лионель Мессиі бар аргентиналықтар Исландиямен тең түсіп, Нигерияны әрең ұтса, Франция Даниямен матчта құлшыныс танытпады. Енді бұлардың қайсысы ширек финалға лайықты, оны бүгінгі ойын көрсетеді.

Ирандық Алиреза Фагани қазылық ететін бәсекеде Дидье Дешам Франция құрамасындағы бапкерлік қызметіндегі 80-інші матчын өткізеді. Төрт жыл ішінде ол сақадай сай, керемет құрама жинақтай алған жоқ. Мысалы, Даниямен кездесуде алаңға Жиру, Гризманн, Лемар, Фекир сияқты футболшылар шыққанымен, бір-бірімен түсінісіп, ойнай алмады. Шабуыл шебінде азусыздық танытты. Одан бұрынғы Австралия мен Перумен матчта да француздарға сәттілік жолдас болды.

Аргентина құрамасында жағдай тіпті ушыққандай. Ойыншылар жаттықтырушы Хорхе Сампаолиді тыңдағысы келмейтіндей. Месси әріптестеріне өзі нұсқау берсе, Сампаолидің, бәлкім, керегі қанша, Испания секілді бас бапкермен қош айтыспай ма, әйтеуір түсініксіз жайт орын алуда.

Бір қызығы, Франция мен Аргентина плей-офф бәсекелерінде өзара бірінші рет ойнайды. Бұған дейін командалар 12 мәрте кездесіп, соның алтауында аргентиналықтар жеңіске жетіп, екі рет тең нәтиже тіркеліп, төртеуінде Франция басым түсті. Оның үстіне соңғы 32 жылда қос құраманың жолдары жолдастық кездесулерде екі-ақ рет тоқайласып, онда Аргентина 1:0 және 2:0 есебімен ұтты. Сонымен қатар алдағы ойын әлем чемпионы атағы барлар арасындағы Ресейдегі біріншіліктегі алғашқы бәсеке болмақ.

Айта кетейік, бұл матчта асығы алшысынан түскен команда ширек финалда 6 шілде күні Нижний Новгородта Уругвай - Португалия жұбының жеңімпазымен кездеседі.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал