10.08.2018, 12:08 2431 Мигель Анхель Лопес «Бургос Вуэльтасында» кезең жеңімпазы атанды

Мәртебелі «Вуэльта» көпкүндігіне дайындық ретінде Пиреней түбегіндегі «Бургос Вуэльтасына» қатысып жатқан «Астана» үшін 3-ші кезең сәтті аяқталды. Команда капитаны Мигель Анхель Лопес 149 шақырымдық таулы жарыстың жеңімпазы атанды, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі «Астана» Президенттік кәсіпқой спорт клубына сілтеме жасап.

 

Бұл «Бургос Вуэльтасындағы» ең қиын кезең болатын. Седано қалашығынан басталған жарыс 8,5 шақырым биіктікте орналасқан Пикон Бланко жотасында аяқталған.

 

«Астана» шабандоздары жарысты тамаша өткерді. Алдымен Бақтияр Қожатаев пен Ян Хирт тандемі шабуылдап, бас пелетонның жылдамдығын үдете түссе, жарыс белортасына жеткенде тізгінді Никита Стальнов пен Дарио Катальдо қолдарына алып, команда көшбасшысы Мигель Анхель Лопесті алға сүйреп шығарды. Колумбиялық шабандоз алдымен мәреге 4 шақырым қалғанда шабуылды бастаған. Бірақ, бұл ұмтылысы нәтиже берген жоқ. Қуғыншылар ұзатпады. Алайда, аз-кем тыныс алған Лопес 3 шақырым қалғанда тағы да алға атойлады. Бұл жолы оған ешкім жете алмады. Тек 500 метр қалғанда отандасы Иван Рамиро Соса қуып жетті. Екеуара спринттік бәсеке «астаналықтың» пайдасына шешілді.

 

- Өте тартысты, әрі ауыр күн болды. Әсіресе финалға тақағанда қарсы соққан жел қиындық туғызды. Жел басылды-ау дегенде тағы да «қамшы бастым». Рас, отандасым Иван Рамиро Соса да барын салды. Тіпті, қуып та жетті. Бірақ, қолда тұрған жеңісті жіберіп алмауға тырыстым. Әлі 100 пайыз бабыма келген жоқпын. «Вуэльта» басталғанша бабымды табамын деп ойлаймын, - деді жарыстан кейін Мигель Анхель Лопес.

 

Лопестен бөлек, испаниялық Пельо Бильбао да жарысты жақсы өткізіп, мәре сызығын 7-ші болып қиды. Ал жалпы есепте Мигель Анхель Лопес көш бастаса, Бильбао үздік жеті шабандоздың қатарында.

 

Бүгін жарыстың 4-ші кезеңі. Шабандоздар Сан-Педро-Гарденья монастыр орталығынан Клуни қалашығына дейінгі 165 шақырымды бағындыратын болады.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал