28.05.2018, 14:52 6233 Мұхамедиұлы Шымбұлақ пен Ақбұлақ арасында аспалы жол жүргізуді ұсынды

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Іле Алатауындағы туристік маршрутты жаяу аралап келді.
8 шақырымға созылған соқпақ Медеуден Алматы облысындағы Алматау лагеріне дейін созылып жатыр.
«Экотуризм әлемде жақсы дамыған спорт түріне жатады. Бұл спорт түрі экономикаға мультипликативті әсер береді. Бұл бір жағынан, экологияны таза сақтауға мүмкіндік берсе, екінші жағынан экономикаға қаржы тартады. Мен өзім спортпен айналысамын. Бүгінгі серуен өте қызықты болды. Облыстық деңгейдегі бірнеше шенеунік, белгілі спортшылар, әртістер келді», - деді министр.
Министрмен бірге экологиялық шараға қатысқандар соқпақтардың жай-күйін бақылап, экотуризмнің дамуына кедергі болып отырған мәселелерді шешуге тырысты.
«Экотуризмді дамыту өте маңызды. Бүгінгі серуен барысында біз мына олқылықтарды көрдік. Адамдар тоқтап демалатын жерлерде орындықтар, нұсқаулықтар, саялайтын орындар жоқ. Туризм саласына қауіпсіздікті қамтамасыз ететін компаниялар керек. Егер осы олқылықтар жөнделсе, Алматы мен Алматы облысы тұрғындарының арасында экоспортқа деген сұраныс артады», - деді VeloFriends Райымбек Баталов.
Министрдің айтуынша, қазір Алматы тауларында жаңадан қонақ үйлерін демалыс орындарын тұрғызудың қажеті жоқ.
«Тек бар инфрақұрылымды біріктіру керек. Мәселен Шымбұлақ пен Талғар ауданындағы Ақбұлақты аспалы жолмен біріктіруге болады. Қыста бұл маршруттарда шаңғы тебетін адамдар демалса, жазда жаяу жүретін туристерге ыңғайлы жағдай туғызылады», - деді А.Мұхамедиұлы.

 

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал