29.05.2018, 11:00 5223 «Ролан Гарростағы» Зарина Диястың келесі қарсыласы жайлы не білеміз?

Францияның қақ төрі Париж қаласында өтіп жатқан «Ролан Гаррос» турнирінің екінші айналымында қазақстандық теннисші Зарина Дияс азулы қарсыласқа тап болды. Бұл туралы толығырақ «SPORTINFORM» САА тілшісінің даярлаған материалынан оқи аласыздар. Ал, кеттік.

Қазақстандық теннисші Франция ашық чемпионатының екінші айналымына сүрінбей өткендігін бұған дейін хабарлаған едік. Жарыстың бірінші кезеңінде Зарина Польшадан келген теннисші Магда Линеттен айласын асырды - 6:3, 6:1.

Енді келесі айналымда ол Наоми Осакамен күш сынасады. Қазақстандық спортшы қарымды қарсыласқа тап болды.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Дияс 20 жасар Жапония елінің спортшысымен ұшырасады. Жас болса да, талай тіс қаққан теннисшілерді састырып жүрген Наоми бұл кездесудің анық фавориті ретінде саналады. Осы жылы «Индиан-Уэллс» турнирінің финалында Дарья Касаткинадан басым түсіп, өзінің алғашқы титулына қол жеткізді.

Үлкен тенниске небәрі 12 жасында келген Наомиді Серена Уильямс бикештің ізбасары деген де әңгімелер аз өрбіп жүрген жоқ. Эйс жасаудың шеберіне айналған жапониялық теннисші әлем мықтыларын мойындатып үлгерді. Жойқын соққы, шапшаң қимыл оның бойындағы басты қасиеттердің біріне жатады. Айтылған артықшылықтары арқылы ол кез келген спортшының аяғын бір етікке тығып жатады.    

Ертең өтетін кездесуде жерлесіміз Зарина Дияс қарсыласының артық-кем тұсын зерделеп, сәтті өнер көрсетеді деп сенеміз.

  • Жапондық теннисшінің Мари есімді әпкесі бар. Ол да үлкен теннисте өз орнын тапқан спортшылардың қатарынан табылады.
  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал