04.10.2018, 14:53 7738 Нурмагомедов - МакГрегор жекпе-жегін қайдан көруге болады

«QAZSPORT» телеарнасы 2018 жылдың 7 қазанында Лас-Вегаста (АҚШ) UFC 229 турнирі аясында ресейлік Хабиб Нурмагомедов пен ирландиялық Конор МакГрегор арасында өтетін жекпе-жекті тікелей эфирде көрсетеді, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі аталған телеарнаға сілтеме жасап.

Жеңіл салмақтағы UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов аралас жекпе-жекте 26 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның сегізін нокаутпен аяқтаған. Соңғы жекпе-жегін 2018 жылдың 7 сәуірінде Эл Яквинтаға қарсы өткізіп, америкалық қарсыласын төрешілердің шешімі бойынша жеңген болатын. Сөйтіп, жеңіл салмақтағы UFC чемпионы атанды.

Ирландиялық Конор Макгрегор 2015-2018 жылдар аралығында қарсылас шақ келтірмей, жеңіл салмақтағы UFC чемпионы болып келді. Отыз жастағы спортшы 24 жекпе-жек өткізіп, 21-де жеңіске жеткен, 18-ін нокаутпен аяқтаған. Үш жеңілістің екеуіне Конор октагонға жаңа ғана шығып жүрген кезінде ұшырыған. Үшінші рет 2016 жылдың 5 наурызында америкалық Нейт Диастпен өткен кездесуде жеңілген болатын. Бірақ, араға бірнеше ай салып, Макгрегор Диаспен қайта жүздесіп, есесін қайтарды. UFC аясындағы соңғы жекпе-жегін Конор 2016 жылдың 12 қарашасында өткізіп, америкалық Эдди Альваресті техникалық нокаутпен жеңді. Өткен жылы Макгрегор кәсіпқой бокстың ережесі бойынша америкалық Флойд Мейвезермен қолғап түйістірді. Кездесу оныншы раундта тоқтатылып, төрешілер техникалық нокаутпен Мейвезер жеңіске жетті деген шешім қабылдады.

Естеріңізге сала кетсек, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы UFC аясындағы жекпе-жектерді Қазақстан аумағында бір жарым жыл бойы көрсету құқығына ие болды. 2018 жылдың қыркүйек пен желтоқсан айлары аралығында «QAZAQSTAN» және «QAZSPORT» телеарналарында UFC-дің 14 жекпе-жек кеші эфирге шығады. Ал, 2019 жылдан бастап 40-тан астам турнирдің көрсетілімі жоспарланған.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал