16.10.2018, 15:05 876 Олимпиада-2018: Тоғызыншы жарыс күнінің қорытындысы

 


Буэнос-Айресте жасөспірімдер Олимпиадасының тоғызыншы жарыс күні аяқталды,  деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі ҰОК ресми сайтына сілтеме жасап.

Каноеде есуден Олимпиада чемпионы атанған Диас Бахриддин болашағы бар спортшы екенін дәлелдеуде. Кеше Диас есу слаломынан Олимпиада ойындарының ширек финалына дейін жетті. Ал Стелла Суханова 1/8 айналымда сүрінді. Қос спортшының да аяқ алысы жаман емес. Екеуі де келешекте ел спортының абыройын асқақтатары сөзсіз. 

Екі жарыс күнінде топ жарған қазақстандық велоспортшылар маунтинбайктен айтарлықтай нәтиже көрсете алмады. Кросс-кантри сынында Светлана Пащенко ғана ұпайға қол жеткізді. Ол ¼ айналымға дейін жеткен болатын. Ал Евгений Федоров пен Глеб Брусенскийдің көрсеткіші – 1/8 финал. Кешегі сәтсіздікке қарамастан біздің спортшылар көш басында келеді.

Брусенский мен Федоров қарсыластарынан 59 ұпайға озып тұр. Пащенко мен Курносова әзірге үшінші орында. 

Регбиден қыздар командасы жалпы есепте бесінші орынға жайғасты. Топтық кезеңді сәтсіз бастаған регбишілердің  Олимпиадада ойыны жүрмеді. 

Спорттық гимнастикада Аян Молдағалиев алтыншы орын алды. Ол қоссырықпен жаттығуда 13.100 ұпай жинап, үздік алтылыққа қатарына енді. 

«Біздің гимнастика үшін бұл жақсы көрсеткіш. Өткен Олимпиада ойындарында біз көпсайыстан ғана финалға шыққанбыз. Бұл жолы Олимпиадаға қатысатын спортшыны таңдауда қателеспегенімізге сенімдімін. Қоссырық снарядында Аян барлық элементті дұрыс орындап, өз міндетін атқарып шықты. Тек қарсыластарының қарымды екенін ұмытпаған жөн. Әлі де жетілдіретін тұстарымыз көп. Аян барлығын таза орындады, тек, қиындығы жөнінен артта қалдық», - дейді жастар құрамасының бапкері Сергей Сергеев.

Спорттық акробатикадан финалға шыққан Дмитрий Немеренко мен Анастасия Архипованың қорытындысы нәтижесі - жетінші орын. Олар 26.950 ұпай жинады. 

Садақ атудан Александра Воропаева келесі кезеңге өтті. 1/8 айналымда ол қытайлық Менгяо Жангпен ширек финал жолдамасына таласады.

Үш бірдей қазақ боксшысы Олимпиаданың жартылай финалында! Дамир Тойбай мен Талғат Шайкеннің қарсыластары жекпе-жектен бас тартып, екеуі де келесі айналымға өтті. Ал Айбек Оралбай чилилік Андрес Сальгадодан басым түсті. Өкінішке қарай, Жансая Әбдірайымова төрешілер шешімімен америкалық Дэстини Хивеннен жеңіліп қалды.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал