13.02.2018, 23:02 147 Олимпиаданың 5-ші күнінде қазақстандық спортшылар жүлде ала алмады

13 ақпан күні Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында қазақ спортшылары жүлде ала алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олимпиада ойындарының бесінші күні қазақстандық спортшылар спорттың 4 түрінен бақ сынады. Алайда бірде-бір спортшымыз жүлдеге іліге алған жоқ.

Айталық, бүгін шаңғышы Алексей Полтораниннің жолына үмітпен қарадық. Алайда ол классикалық спринт сайысының ширек финалында төртінші орынға табан тіреді. Финалға бірінші және екінші орындарға қол жеткізген спортшылар шығатын болғандықтан, бұл көрсеткіш Полтораниннің финалға шығуына жеткіліксіз болды. Сондай-ақ, осы спорт түрінен әйелдер арасында Анна Шевченко ел намысын қорғап, ол да ширек финалдан ары аса алған жоқ. Ол классикалық спринттің алғашқы іріктеу сынынан сүрінбей өткен болатын. Өкінішке қарай, ширек финалда 6-шы орынға қол жеткізген спортшымыз жартылай финалға жете алмады.

Ал бүгін тау шаңғы спортынан сайысқа түскен қазақстандық Игорь Закурдаев жарысты 31-ші орында аяқтаса, шорт-тректен 1000 метр қашықтықта сынға түскен Нұрберген Жұмағазиев іріктеу кезеңінен сүрінді. Ол өз тобында төртінші орын алды.

Сондай-ақ, бүгін қазақстандық шорттрекшілер ерлер арасындағы эстафета сайысында өнер көрсетті. Онда Денис Никиша, Нұрберген Жұмағазиев, Абзал Әжіғәлиев пен Еркебұлан Шамұханов бастаған құрама 5000 метр қашықтыққа сайыста өз тобында үшінші орын алып, финалға шыға алмады. Эстафетада Қазақстан құрамасы Канада мен Қытай командаларынан жеңіліп қалды.

Бүгін соңғы жарысты қазақстандық спортшылардан конькишілер аяқтады. Аталған спорт түрінен Федор Мезенцев пен Денис Кузин 1500 метр қашықтыққа сайысқа түскен болатын. Өкінішке қарай, қазақстандықтар үздік жиырма спортшының қатарына іліне алмады. Мезенцев сайысты 28-ші, ал Кузин 30-шы болып аяқтады.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал