12.02.2018, 11:46 418 «Өмірімде тұңғыш рет қатты толқыдым» - Юлия Галышева

Оңтүстік Корея елінде өтіп жатқан Қысқы Олимпиада ойындарында фристайл-могулдан Қазақстанның қоржынына тұңғыш медаль салған Юлия Галышева «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне жарыс алдында қандай сезімде болғанын айтып берді.

- Олимпиада ойындарына бір ай бұрын қолыңыз жарақаттанды. Жарыс кезінде қолыңыз ауырды ма? Гипспен жарыс жолына шықтыңыз ба?

- Ең қызығы қолымның ауырғаны жаттығу кезінде мүлде сезілген жоқ. Бірақ жарыс алдында аздап сезілді. Бүкіл сайыс бойы қолымның жарақатын ойлаумен болдым.

Жарыс кезінде гипс қолғапқа сыймайтындықтан, арнайы лангет орап шығуға тура келді. Қазір де тағып жүрмін. Қолым әлі де жазылған жоқ.

- Старт кезінде өзіңізді өзіңіз қалай дайындадыңыз? Сайыс алдында қандай да бір ырым жасайсыз ба?

- Старт алдында әдеттегідей жақсылап ұйқымды қандырып, музыка тыңдадым. Сайыс өтетін күні таңертең олимпиада ауылындағы тұрақта футбол ойнап, стартқа тарттық.

Ешқандай ырым жасамаймын. Әрдайым кешігіп қалудан сақтанатындықтан, баратын жеріме ерте шығамын.

- Финал-1 Сіз үшін аса сәтті болды деуге келмейді. Финал-2 және финал-3 алдында бапкеріңіз Елена Круглыхина сізге не деді?

- Старт алдында ешқашан уайымдамайтын едім, бұл жолы тұңғыш рет айтарлықтай қатты толқыдым десем де болады. Елена Круглыхина менің уайымға беріліп кетпеуім үшін бәрін жасады. Бапкер маған әрдайым қателіктерімді айтып, соларды барынша тез түзеу керектігімді еске салап отырды.

- Финал-3 алдында нені сезіндіңіз? Табысқа жету үшін өз әдісіңізге қандай өзгеріс енгізу керек болды?

- Финал алдында әдеттегідей сабырлы болдым. Қалай дайын болдым, солай өте шықтым. Әлбетте, бұдан да жақсы жүріп өтуге болар еді. Бірақ, болары болды. Алтыншы орында қалып қоямын ба деп қауіптенгенімді ескермесем, бәрі ойдағыдай болған секілді.

- Қандай музыкаға әуессіз?

- Жарыс күні бөлмемнен шыққанша құлағымнан құлаққап түскен жоқ. Кейін менің олимпиадалық репертуарым туралы біле жатарсыздар. Бәлкім, көп адам қандай музыка тыңдайтыныма таңғалуы мүмкін (күлді).

- Ерекше сыйлыққа ие болдыңыз? Қазір қандай сезімдесіз?

- Бұл менің немесе менің отбасымның, бапкерімнің ғана емес, бүкіл Қазақстанның жеңісі! Бұл - біздің елдің медалі! Бұған дейін айтқанымдай, мен үшін Олимпиада Әлем Кубогы секілді сайыс. Мұнда біз бүкіл маусым бойы бәсекелесіп жүретін спортшылар жарыс жолына шығады. Олимпиадада тек назар мен камералар көбірек. Енді халықаралық маңызды старттардың барлығында жүлдеге іліккен спортшы ретінде мәртебеге ие болдым.

- 2022 жылғы Бейжіңде өтетін Қысқы Олимпиада барасыз ба?

- Ол жағы әлі белгілі бола жатар. Енді маған Әлем Кубогының қалған кезеңдерін аяқтап тастауым керек.

 

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал