20.07.2018, 16:05 618 Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан халықаралық турнирде елімізден 97 спортшы барды

Қазақстандық таэквондошылар оңтүстіккореялық Чеджу аралына ат басын тіреді, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі  Хабар 24-ке сілтеме жасап.

Қазір ол жерде таэквондодан халықаралық турнир өтіп жатыр. Бұл спорт түрінің отанына әлемнің ең үздік спортшылары жиналды.

Оңтүстік Кореяның Чеджу аралында өтіп жатқан таэквондодан әлем біріншілігіне 60 елден 2500-нан астам спортшы келген. Қазақстан атынан 97 таэквондошы өнер көрсетеді. Тайваньнан 138,ал чемпионат қожайыны – Оңтүстік Кореядан 500 спортшы бағын сынамақ.

Қазақстаннан аттанған ұлттық құраманы 5 ерлер және 5 әйелдер командасы таныстырады. Бүгін жерлесіміз Айнұр Есбергенова қорытынды сайысқа өте алмай қалды. 49 келі бойынша сынға түсіп, өзбекстандық Мадина Манноповаға есе жіберіп алды. Тағы 58 келі бойынша ел намысын қорғаған Елдос Ысқақ оңтүстіккореялық спортшыдан жеңіліп қалды.

Қазақстандық спортшылардың ішінен үздік нәтижені астаналық таэквондо мектебінің шәкірті Айнагүл Батыр көрсетті. Ол алдымен жапондық Асунаны жеңіп, одан соң малайзиялық Субраманиамнан оқ бойы оза шықты. Тек ширек финалда әлем чемпионы оңтүстіккореялық Симға есе жіберіп алды.

Айнагүл Қазақстан чемпионатында үшінші орынды иеленген еді. Сол себепті Азия ойындарына жолдама ала алмады. Дегенмен бүгінгі ойыннан соң 49 келі салмақ бойынша әлемдік тізімде бірден он орынға алға жылжып, 81-ге жайғасты. «KoreaOpen» чемпионатында әлі сегіз спортшымыз өнер көрсетеді. Олардың ішінен Рио олимпиадасының қатысушысы Жансель Дениз бен Азия чемпионатының күміс жүлдегері Руслан Жапаров жеңіс тұғырынан көрінеді деген үміт бар.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал