14.05.2018, 10:28 190 Осы аптада Қанат Исламның шаршы алаңға қашан шығатыны белгілі болады

Бірінші орта салмақтағы қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам ҚазАқпарат тілшісіне алдағы уақытқа жоспарланған жекпе-жегі туралы айтты.
«Өздеріңіз білесіздер, осыдан біраз күн бұрын танымал менеджер Эгис Климаспен келісімге келіп, АҚШ-тағы жаттығуды бастаған болатынмын. Қазір АҚШ-та алдағы айқасыма дайындығымды пысықтап жатырмын. Алла қаласа осы аптада нақтылы кіммен және қашан шаршы алаңға шығатыным белгілі болады. Негізі, жекпе-жекті тамыз айында өткізу жоспарланған еді. Одан бері де болып қалуы мүмкін. Қандайда бір өзгерістер болса, сіздерге алдын ала хабарлайтын боламын», - деді ҚанатИслам.
Айта кетейік, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары отандасымыз алдағы тамыз айында жапон боксшысы Йошихиро Камегаимен (27-4-2, 24 КО) кездесуі мүмкіндігін жазуда. Йошихиро Камегаи кәсіпқой бокста 33 жекпе-жек өткізген: 27 рет жеңіске жеткен, оның ішінде 24 қарсыласын нокаутпен ұтқан. Төр рет жеңіліп, 2 рет қарсыласымен тең түскен.
Естеріңізге сала кетейік, Қанат Ислам осыған дейін 25 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 20-сын нокаутпен ұтқан болатын. Ол соңғы кездесуін 2017 жылдың 9 қыркүйегінде Астана қаласында өткізіп, канадалық Брэндон Кукты (18-1, 11 КО) тоғызыншы раундта техникалық нокаутпен жеңген еді. Осылайша отандасымыз WBO NABO және WBA Inter-Continental чемпиондық белбеулерін сақтап қалған.

 

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал