27.03.2018, 15:05 6072 Паралимпиада чемпионы Александр Колядин Қостанайға келді

Пхенчханда өткен Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Александр Колядин Қостанай облысына оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін тұңғыш Паралимпиада чемпионын қарсы алу үшін әуежайға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев, қала әкімі Базыл Жақыпов және Сарыкөл ауданының әкімі Эльдар Күзенбаев барды. Пхенчхандағы бәсекеде «алтын» тұғырдан көрінген чемпионға лайықты құрмет көрсетілді. Спортшының құрметіне облыстық музыка оркестрі өнер көрсетті.

«Мен бүгін ауылдастарымды көргеніме қуаныштымын, өзім оқитын колледж ұжымына көп рахмет. Олар мені үнемі қолдап отырды. Шынымды айтсам, Паралимпиадаға жолдама алған сәттен бастап мақсат қойдым. Әрине, «алтын» аламын деп ойлаған жоқпын. «Қола» жүлдеден үміт көп еді», - дейді Паралимпида чемпионы.

Әуежайға жиналған жанкүйерлер Колядинге сұрақтарын жаудырды. Әсіресе, жас жеткіншектер жарыстағы әрбір сәтті жеке-жеке сұрап жатты. Сан сұраққа чемпион әдетінше асықпай, қарапайым қалпынан танбай жауап берді.

«Жарыс алдында ешқандай қобалжу болмады, мен бұған дейін Паралимпида ойындарына қатысқан болатынмын. Ал жеңіске жеткенде толқығаным рас, өйткені, бұл Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы «алтыны» еді. Еліңнің туы бәрінен биік тұрса, мақтаныш сезімі кернейді. Осы жеңісімді елеп, құрмет көрсетіп жатқан жерлестерге мың алғыс, біз әлі де биік шыңдарды бағындырамыз», - деді ол өз сөзінде.

Сондай-ақ, бүгін «Мирас» мәдениет үйінде Қостанай облысы атынан спортшыға жаңа пәтердің кілті берілмек. Шараға өңір басшысы Архимед Мұхамбетов қатысады.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал