14.10.2018, 9:09 5259 Премьер-лига 29-шы турының үздіктер құрамасы белгілі болды

2018 жылғы маусымдағы Премьер-лиганың жиырма тоғызыншы турындағы үздіктер құрамасы анықталды, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы ресми сайтына сілтеме жасап. 

Құрама ҚКФЛ серіктесі InStat компаниясының ойындарды сараптау көрсеткіштерінің негізінде құрылған.

Өткен турдың қорытындысы бойынша үздік он бір ойыншының тізімі келесідей:

Қақпашы: Евгений Боровик, «Ақжайық»    

«Қызыл-Жар СК» командасымен өткен ойында Евгений Боровик қателеспеді. Тәжірибелі украиналық қақпашы екі рет қақпасын голдан құтқарып қалды. Әсіресе, Коронельдің керемет соққысынан қайтарғаны есте қалды. Ойын индексі – 264.

Сол жақ қорғаушы: Юрий Логвиненко, «Астана»

Юрий Логвиненко алаңның кез келген бөлігінде ойнай алатын әмбебап футболшы. Қорғаныстың сол қапталда ойнап, жақсы ойын көрсетті. Пастарының дәлдігі – 78 пайыз. Допқа талас көрсеткіші – 67 пайыз. Ойын индексі – 223.

Орталық қорғаушылар: Абдель Ламанж, «Қайсар»; Александр Кислицын, «Ертіс»

«Атыраумен» өткен ойында Абдель Ламанж жинақы ойнап, артылған міндеттерді толықтай атқарып шықты. Кездесуде гол соққан қорғаушы допқа таластың 74 пайызында жеңіске жетті. Ойын индексі  – 262.

Александр Кислицын тағы да сенімді ойынымен көзге түсті. Қостанайда қорғанысқа жетекші болған футболшы допқа таластың барлығында дерлік жеңіске жетті. Көрсеткіші – 87 пайыз.  Ойын индексі – 270.

Оң жақ қорғаушы: Руслан Есімов, «Ертіс»

«Ертістің» Қостанайдағы жетістігі Руслан Есімовтің еңбегімен байланысты. Қорғаушы нәтижелі пас шығарды және командасына пенальти алып берді. Ойын индексі – 257.

Орталық жартылай қорғаушылар: Новица Максимович, «Атырау»; Лукаш Дроппа, «Шахтер»

«Қайсармен» болған кездесуде  орталық алаңда көп жұмыс атқарған Новица Максимович екі рет нәтижелі шабуыл ұйымдастыруға көмектесті. Алдымен бұрыштамадан көтерген добы автоголға айналды. Кездесудің соңында Алексей Родионовтың көзге түсуіне жағдай жасады. Ойын индексі – 250.

Лукаш Дроппа әр ойын сайын ойынды қолға алуға тырысып келеді. «Жетісумен» өткен ойын – дәлелдердің бірі. Чехия құрамасының бұрынғы ойыншысы нәтижелі пастың авторы атанып, пастарының дәлдігін 89 пайызға жеткізді. Ойын индексі – 249.

Сол жақ жартылай қорғаушы: Тимур Досмағамбетов, «Ордабасы»

«Қайратты» жеңген «Ордабасы» командасының ішіндегі ең үздік ойыншы –Тимур Досмағамбетов. Шымкенттік футболшы өз командасының соққан екі голына да қатысты. Алғашқы сәтте Тимур алматылықтардың қақпасына гол соғуға мүмкіндік жасады. Кездесудің соңғы минутында есепті қорытындылады.  Турдың ең үздік көрсеткіші - 281.

Оң жақ жартылай қорғаушы: Марин Томасов, «Астана»

Ақтөбеде өткен ойында «Астананың» қатарында ең белсенді болған футболшылардың бірі Марин Томасов. Оның пасынан кейін Рангело Янга есеп ашқан болатын. Ойын бойы қақпаға бес рет соққы бағыттады. Екі рет қарсыласын алдап өтті. Ойын индексі – 270.

Шабуылдаушы жартылай қорғаушы: Асхат Тағыберген, «Қайсар»

«Атыраумен» өткен ойында Асхат Тағыберген стандартты орындаудың шебері екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ол ең алдымен пенальтиден мүлт кетпесе, кейін бұрыштама добын Ламанждың басына қойып берді. Мұнайшылардың қақпасына бес рет соққы бағыттап, қарсыластың айып алаңына жеті рет пас шығарды. Пастарының дәлдігі 85 пайызды құрады.  Ойын индексі – 279.

Шабуылшы: Силва Рейнальдо, «Ақтөбе»

«Астанамен» өткен ойында ақ-қызылдардың шабуылшысы ойыды қолға алып, қарсыластың қорғаушыларына маза бермеді. Пастарының дәлдігі – 74 пайыз. Бразилиялық футболшы қарсыласын үш рет алдап өтіп, Эрич қорғаған қақпаға екі рет соққы бағыттады. Алайда, Саят Жұмағалидің гол соғуына себепкер болды.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал