05.09.2018, 14:31 9846 Qazagstan және Qazsport телеарналары UFC-дің жекпе-жектерін көрсетеді

Qazagstan және Qazsport телеарналары әлемге белгілі спорттық ұйым UFC-дің жекпе-жектерін көрсету құқығына ие болды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Qazagstan және Qazsport телеарналарында үстіміздегі жылдың қыркүйегі мен желтоқсан айларында UFC-дің 14 жекпе-жегі эфирге шығады. Ал 2019 жылы 40-тан астам турнир көрсетілімі жоспарланып отыр.
Одан бөлек, 16 қыркүйек күні барша қазақстандықтар асыға күтіп жүрген Головкин мен Альварестің реваншы көрсетілетін болады. Отандық телеарналар, сондай-ақ 6 қазанда Лас-Вегаста өтетін Конор Макгрегор мен Хабиб Нурмагомедов арасындағы айқасты тікелей ұсынады.
«Qazagstan және Qazsport телеарналары UFC-дің барлық жекпе-жектерін бір уақытта көрсететін болады. Келісімшарт бір жарым жылға жасалды. Енді қазақстандықтар отандық телеарнадан әлемдік күрестерді көре алады. Бұл біз үшін айтарлықтай жаңалық. Бүгінде алдағы қыркүйек, қазан айларында өтетін бірнеше жекпе-жекті трансляциялауға дайындық жұмыстары жүруде», - деді «Қазақстан» РТРК АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин.
Сонымен қатар телеарналарда UFC-дің айқастарын жүргізетін комментаторлар туралы айтылды.
«Біз кәсіби комментаторларға кастинг өткіздік, соның негізінде 2-3 адам таңдап алынды. Жуырда UFC-дің жекпе-жектерін жүргізетін комментаторларға тағы кастинг жариялаймыз. Кастингке жекпе-жектің қыр-сырын білетін кез келген адам қатыса алады», - деді «Qazsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулин.
Ultimate Fighting Championship (UFC) - аралас жекпе-жек спортында жылдам дамып келе жатқан спорттық ұйым. Бас кеңсесі АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында орналасқан. Бүгінде UFC-дің кез келген кеші әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген телеарналар мен миллиондаған жанкүйерлерді жинайтын ауқымды шараға айналып отыр.

 

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал