01.07.2018, 15:06 444 Ресей футболшыларының ӘЧ-дағы тағдыры шешілетін күн туды

Бүгін Ресей жасыл алаңдарында өтіп жатқан 2018 жылғы Әлем чемпионатының 1/8 финалы аясында Мәскеудің «Лужники» стадионында Испания және Ресей құрамалары кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ресей тарихта Испанияны жеңіп көрген емес. Бұған дейін өткізілген өзара кездесулердің бесеуінде испандар жеңіске жеткен. Бірақ биылғы чемпионатта Ресей ең көп гол соғатын командалардың қатарында тұр. Топтық кезең аясындағы үш ойында қарсыластар қақпасына 11 рет тура соққы бағыттап, соның сегізі голмен аяқталған. Бұл олардың А тобында екінші орын иеленуіне жол ашты. Турнир қожайындарына бұл жағынан, тіпті, азулы деген Испанияның өзі таңдай қағатындай. Олар В тобында бірінші орын алғанмен, қарсыластар қақпасына дәл бағытталған 12 соққысының тең жартысы ғана голға айналған.

Ресей құрамасы өзара кездесулерде Испанияны жеңіп көрмесе де, қазіргі бас бапкері Станислав Черчесов пиренейліктердің бас бапкері Фернандо Йерродан басым түскен жері бар. Ойын алдынан өткізілген баспасөз конференциясында Черчесов сонау 1991 жылы «Спартак» «Реал Мадрид» командасын жеңген ойынды еске алды. «Мен кезінде Йерроға қарсы ойнағанмын. Оның «Сантьяго Бернабеу» стадионында менің қақпамның оң жақ бұрышына тепкен пәрменді соққысы әлі есімде. Сол соққыны қайтарып едім. Айтпақшы, біз сол ойында жеңіске жеттік... Қазір екі команданың да жауапкершілігі аса жоғары. Ойыннан соң ешнәрсені өзгертуге болмайды», - деді ол.

 

Испания бас бапкері Фернандо Йерро ресейліктердің биік бойлы ойыншыларына назар аударды. «Ресейдің мықты ойыншылары көп, олардың кейбірінің бойы биік. Олардың ойынында әртүрлілік бар. Олардың осал тұсын тауып, сол жеріне соққы беру керек. Биылғы чемпионатта олар біршама басқаша ойнап жүр. Ресейліктердің бапкерінен кез келген нәрсені күтуге болады. Олар тактиканы өзгертуі мүмкін. Алаң орталығында прессинг жасауы немесе көп күшпен шабуылдауы мүмкін. Мен Черчесовтың не әзірлеп отырғанын біле алмаймын», - дейді Йерро.

«Қызыл фурия» деген атпен танылған испандардың гол соққыш команда екені белгілі. Әзірге олар әлем чемпионаттары тарихында 98 гол соққан. Тағы екі гол пиренейліктерді 100 және одан көп гол соққан Бразилия, Германия, Аргентина, Италия және Франция құрамаларының қатарына қосады. Испанияның қазіргі әлеуетін ескерсек, алдағы ойында осы нәтижеге жетуіне сенуге болады. Дегенмен, олардың алдында бірнеше қиындықтар бар. Соның бірі - ауа райы. Бүгін күні бойы Мәскеуде жаңбыр себелеп тұр. Жергілікті уақытпен 17:00 шамасында ауа температурасы 23-25 градус ыстық болып, ылғалдылығы 90 пайызға дейін артуы мүмкін.

Айта кетейік, осы ойынның жеңімпазы ширек финалда Хорватия - Дания ойынында жеңіске жеткен командамен кездеседі.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал