22.04.2018, 8:59 766 Сағадат Рахманқұлов кезекті жеңісіне қол жеткізді

Осыдан біршама уақыт бұрын кәсіпқой бокс әлемінің есігін ашқан жамбылдық жампоз Сағадат Рахманқұлов АҚШ-тың Калифорния штатына қарасты Бербанк қаласында екінші кездесуін өткізіп, жеңіске қол жеткізді.

Бірінші орта салмақ дәрежесінде сынға түсіп жүрген Сағадат бұл жолы колумбиялық Джон Леоннан айласын асырды. 6 раундқа жоспарланған рейтингілік кездесуде жерлесіміз төрешілердің біржақты шешімімен жеңіс тойын тойлады. Жекпе-жек бастала салысымен өзінің шын мықты екенін дәлелдеуге талпынған қазақ оғланы раунд өткен сайын басымдылығын арттыра түсті. Дегенмен бұрын-соңды жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген Джон оңай шағылатын жаңғақ емес екенін аңғартып, қарсы шабуылдар ұйымдастырды. Әйткенмен Сағадаттың шеберлігі жоғары екені айқын байқалып тұрды.


Кәсіпқой рингте бар болғаны екінші жекпе-жегін өткізген жамбылдық былғары қолғап шеберінің тәжірибесі толыса бастағаны бізді қуантты. Әдемі қимылдарымен, жойқын соққыларымен көзге түскен Сағадат 58:56, 59:55, 59:55 есебімен жеңімпаз атанды. Алдағы рейтингілік шайқастарда да жеңіс тұғырынан көріне білсе, Сағадаттың алар асуы биік болатыны анық.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал