07.05.2018, 16:00 907 Самбодан ашық республикалық турнир өтті

«Достық» спорт кешенінде «Жеңіс күніне» орай самбо мен жауынгерлік самбодан ашық республикалық турнирінің жалауы желбіреді. Жарыс «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі ХАБ-қа сілтеме жасап.

Турнирдің салтанатты ашылу рәсімі генералдар, генерал-майорлар мен қадірлі ардагерлерді алдағы мерекелермен құттықтаудан басталып, Дәулет Тұрлыханов, Асқар Омарқұлов сынды спорт қайраткерлерінің құттықтау сөздерімен жалғасын тапты. Олар қатысушыларға сәттілік пен жарқын жеңіс тіледі.

- Спорттық және жауынгерлік самбо Федерациясы мен республикалық «Динамо» спорттық ұйымы Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күніне орай «Генерал кеңестері» Кубогына арналған турнирді ұйымдастыруды ұйғарды. Өйткені, самбо бізге, қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер министрлігіне, жақын келетін спорт түрі. Бізді көптеген академиялар мен ұйымдар қолдады. Алғашқы самбодан республикалық турнир қаламыздың игі дәстүріне айналады деген ойдамыз, - деп әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаров бөлісті.

Самбо бәсекесіне 200-ге жуық Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан палуандары қатысты. Олар тоғыз салмақ  дәрежесінде 52 кг, 57 кг, 62 кг, 68 кг, 74 кг, 82 кг, 90 кг, 100 кг, +100 кг.  жарыс жолына шықты. Спортшылар екі күн ішінде жүлделі орындарды сарапқа салып, өзара мықтыны анықтады.

Жарыс нәтижелері бойынша атыраулық балуандар Темірлан Уразов, Наурызбек Майлашев, Еламан Төреханов, Қырғызстаннан келген Азат Азанбеков, жамбылдық Алмухан Орынбаев, сондай-ақ, алматылық спортшылар Мирас Баурбеков, Даврон Дадоев, Оспан Дауылбай, Тайбек Омаров, Қалеш Еркебулан мен Темірлан Исхангалиев жүзден жүйрік екендерін дәлелдеп, жеңімпаз атанды.

- Мен негізі қазақ күресімен айналысамын. Жақында самбомен қызығып, бірнеше жарыстарға қатысып үлгердім. Бірақ самбо қазақ күресіне қарағанда әлдеқайда қиындау екен. Екінші, үшінші айналымдарда Қырғызстан, Өзбекстан палуандарын жеңіп, ақтық бәсекеде қазақстандық спортшымен кездестім. Соңғы жекпе-жек өте қиын берілді, - деп Оспан Дауылбай атап өтті.

Турнирдің  басты мақсаты жастарды  спортқа баулу, салауатты өмір салтын насихаттау, самбо мен жауынгерлік самбоны дамыту және қатысушылардың спорттық шеберлігін арттыру болып табылады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, медаль және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал