07.06.2018, 10:24 7258 «Сен біздің болашақ Мейвезерсің» - Қуат Хамитов Елеусіновтің болашағы жайлы

Атақты қазақстандық файтер Қуат Хамитов кешегі Лондонда өткен Данияр Елеусіновтің жекпе-жегіне баға беріп, болашағынан үлкен үміт күтетіндігін жеткізді, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі.

-Даниярдың орындауындағы жекпе-жек көңіліңізден шықты ма? Оған қандай баға бересіз?

- Данияр – қазақтың батыры. Ол кәсіпқой боксқа ауысай тұрып еліміздің туын барлық жерде жоғары көтеріп келді. Рио Олимпиадасынан кейін мен оған хабарластым. Жылдамдатып кәсіпқой боксқа ауыс деп кеңес те берген мен едім. Ол біздің болашақ Мейвезерімізге айналады. Ал, ұрысқа оралатын болсақ, Елеусінов өте жақсы өнер көрсетті. Бауырымыз бүгін жарады, менің сөздеріме жан бітірді.

- Көпшіліктің Елесіновтен нокаут күткендігі белгілі. Жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтауға не кедергі болды деп ойлайсыз?

- Ол кәсіпқой боксқа енді аяқ басты ғой. Әлі де болса уақыт қажет. Әуесқой мен кәсіпқой бокстың айырмашылығы жер мен көктей. Отандасымыз адаптациядан өтіп жатыр. Десе де, менің пайымдауымша, ол бірнеше кездесуден кейін өзінің барлық қабілеті мен күшін көрсетеді.

- Елеусінов алдағы уақытта дәл осындай қарқынмен Головкинды басып оза ала ма? 

- Данияр жақсы команда мен білікті менеджердің қол астында екенін білесіздер. Жақын арада ол әлем боксының жарық жұлдызына айналып, күллі әлемді аузына қарататын болады. Данияр Ломаченко сықылды жылдамырақ чемпион атануы қажет. Ал, Головкинге оралатын болсақ, мен оны құрмет тұтамын. Геннадий қазақ боксының мектебін төрткүл дүниеге паш еткен жампоз.

- Неге олай ойлайсыз?

- Өйткені, ол әлі жас боксшы және команда таңдауда қателескен жоқ. Жеке басым оның әлеуеті төмен қарсыластармен төбелесіп, рекорд қуып кеткендігін қаламаймын. 10-12 жекпе-жектен кейін әлем чемпионы атанса керемет болар еді. Мен оған сенемін.

- Әлеуеті төмен қарсыластар дегеніңізді қалай түсінсек болады? Әлде Головкинді меңзеп тұрсыз ба?

- Жоқ, мен жалпы айтып жатырмын. Қазір кәсіпқой бокста барлығы аты-жөні белгісіз біреулермен төбелесіп, ұпай жинап жүр ғой. Даниярдың бұл жолға түспей, Ломаченконың бағытын ұстанғаны дұрыс.

Еске сала кетейік, Лондондағы «York Hall» орталығында қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов  мажар боксшысы Золтан Шабомен ұшырасып, кәсіпқой бокстағы екінші жеңісіне қол жеткізді.  

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал