12.06.2018, 18:12 1420 Шетелдіктер қазақстандық боксшыны кубалық деп шатастырып алған

Аса жеңіл салмақтағы қазақстандық боксшы, IBF B&R Region титулының иегері Мадияр Жанұзақ «SPORTINFORM» САА тілшісіне басынан өткен қызықты оқиғасымен бөлісті.

Әуесқой бокста Жанұзақ біраз жетістікке жетті. Жастар арасындағы Қазақстан чемпионы, Қонақбаев, Кличко, Высоцкий және Алиев атындағы халықаралық турнирдің жеңімпазы атанған. Сондай-ақ, Мадияр бүкіләлемдік бокс сериясында көрсеткен жоғары деңгейдегі өнерімен жұртқа кеңінен танылды.

Осындай жарыстарға дайындықтың бірінде қазақстандық боксшының басынан бір қызық оқиға өтті. Ол туралы біз Мадиярдың өзінен сұрағанды жөн деп шештік.

-  Мадияр, бізге сол оқиғаны бастан-аяқ баяндап беріңізші.

- Осыдан бірнеше жыл бұрын Ресейдің Анапа қаласында оқу-жаттығу жиынында болдым. Жиынға 5 елдің боксшылары жиылды: Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Куба және Ирландия. Барлық елдің боксшылары бір қонақ үйде жатамыз. Сондай дайындық күндерінің бірінде менің бөлмеме ресейліктер кіріп келді. Олардың мақсаты – менімен ұлттық құраманың киімін алмастыру. Бокста өзі бір сондай үрдіс бар. Мен мұны олардың қолындағы жейдеден байқадым. Алайда, олар тіл қатпай, маған ұзақ қарап тұрды. Сәлден соң арасынан біреу шығып: «Еxchange-exchange» - деп қолындағы жейдені көрсетіп, бірнеше рет қайталады. Мен ештеңені түсінер емеспін, артынан оларға орысша сөйледім. Сол мезеттегі ресейлік боксшылардың түрін көрсеңіз ғой. Аң-таң болып қалды. Менен орыс тілін қайдан білетінімді сұрады, қазақ екенімді жеткізгенде,тіпті, талып түсе жаздады. Ал, олар мені түр-әлпетіме қарап кубалық деп топшылған екен. Сол сәтте барлығымыз да күлкіге қарық болғанбыз.

Еске сала кетейік, Мадияр Жанұзақ шілденің 8-і күні Екатеринбург қаласында филиппиндік Альфа Дагайлоанмен ұшырасады.  

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал