20.06.2018, 18:38 946 Смақов «Ақтөбе» футбол клубының жағдайы мүшкіл екенін мәлімдеді

«Ақтөбе» ФК бас дирекоры Самат Смақов ресми мәлімдеме жасады. ФИФА алдағы уақытта жаңа ойыншылар алуға тыйым салып, тағы 6 ұпайды шегеруі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі футбол клубының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бүгін «Ақтөбе» ФК бұрынғы ойыншыларына қарызды уақытылы қайтармағаны және бұл кемшіліктің жүйелі қайталанғаны үшін жаза қолданылатыны туралы хат келді. Футбол клубына кезекті санкция берілді. Алдағы уақытта біз жаңа ойыншыларды ала алмаймыз. Өкінішке қарай, клубтың өткен жылдардағы қарызы тез өсіп жатыр. Бұрынғы ойыншылардың арызы да күн өткен сайын артып отыр. Егер таяуда біз қарызды түгел қайтармасақ, тағы 6 ұпайды алып тастайды.
Бәрін бүкпейміз, клубтың жағдайы мүшкіл екенін жеткізіп отырмыз. Қазіргі ойыншылар да алаңдап, өзге клубқа ауысуға рұқсат беруімді сұрады. Олардың арасында қазақстандық, шетелдік клубтардан шақыру алған ойыншыларымыз бар. Егер жақын арада жағдай оңалмаса мен легионерлердің бәрін босатып, тек жергілікті жерде тәрбиеленген футболшылармен ойынды жалғастыруға шешім қабылдаймын. Тағы 6 ұпайды алып, барлығы 12 ұпай шегерілсе, біз Қазақстан Премьер-лигасынан шығып қаламыз.
Егер мені жұмыстан шығарып жібермесе мен жаттықтырушылар және әкімшілік сол күйі орнымызда қаламыз. Клуб лицензиясынан айырылып, Қазақстан чемпионатынан шеттетілуіміз ең қорқыныштысы болып тұр. Сонда тарихы бай, жеңісті клуб өз жұмысын тоқтатады. Бірақ бұл жағдайға жеткізуге болмайды. Өңір басшысы демеуші іздеп жатқаны туралы айтты. Оған уақыт тым аз»,- деп өз ойын білдірген «Ақтөбе» ФК бас дирекоры Самат Смақов.
Айта кетейік, «Ақтөбе» ФК басшылығы мен облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев бір апта бұрын ғана баспасөз мәслихатын өткізіп, клубтың қаржылық жағдайы бақылауда екенін айтқан болатын. Бірақ ФИФА өз шешімін шығарды.
  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал