11.06.2018, 12:31 4673 Тайсон мен Пакьяоның жолымен. Әлімханұлы енді кімдермен жұмыс жасайды

 

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы атақты промоутерлік компаниямен келісімшартқа отырды. «SPORTINFORM» САА тілшісі отандасымыз қандай мамандармен істес болатындығын зерделеп көрді.   

 

Әлімханұлы бокс әлеміне толықтай жасақталып болды. Анша-мұнша емес, екінің бірінің қолы жете бермейтін мамандармен серіктес атанды. Біз осы ретте қазақстандық спортшыны қол астына алған әлем боксы алыптарымен сіздерді таныстырғанды жөн санап отырмыз.  

Атақты промоутер Боб Арум


Top Rank промоутерлік компаниясы 1973 жылы құрылды. Компанияның негізін қалаған атақты кәсіпкер  - Боб Арум.  Промоутер көптеген алып боксшылармен бірге жұмыс жасап келеді. Олардың қатарында WBA чемпиондық титулының иегері Василий Ломаченко және WBO  көшбасшысы Теренс Кроуфорд та бар. Сондай-ақ, Арум ұзақ уақыт бойы аты аңызға айналған филиппиндік Мэнни Пакьяомен де қызметтес болған.

 

2017 жылдың үздік менеджері Эгис Климас


Бұған дейін қазақстандық боксшы 2017 жылдың үздік менеджері Эгис Климаспен келісімшартқа отырған еді. Әйгілі менеджер Әлімханұлыдан бөлек украиндық чемпион Ломаченкомен де жұмыс жасайды. Айта кету керек, жерлесіміз Климастың командасындағы алтыншы қазақстандық боксшы болды. Менеджердің қол астында Мадияр Әшкеев, Сағадат Рахманқұлов, Мейірім Нұрсұлтанов, Асхат Уәлиханов және Қанат Ислам да бар.

 

Білікті бапкер Бадди МакГирт


Енді Жәнікбек Әлімханұлын америкалық белгілі бапкер Бадди баптайтын болады. Кезінде аталған бапкер Майк Тайсонмен серіктес болған.  

Айта кетейік, кәсіпқой бокста қазақстандық сайыпқыран екі кездесу өткізіп үлгерген еді. 2016 жылдың қазан айында ол колумбиялық Милтон Нуньесті (35-18-1, 31 КО) техникалық нокаутпен жеңсе, былтыр қыркүйек айында бразилиялық Жильберто Перейра дос Сантостан (14-7, 10 КО) басым түсті.

Суреттер RingSide, Allboxing сайттарынан алынды

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал