29.05.2018, 14:06 1056 Теңге ілу мен аударыспақтан Азия чемпионатына ЮНЕСКО-ның өкілдері келе жатыр

Биылғы маусым айы ұлттық спорт түрлерін ұлықтаудан басталып, Астананың 20 жылдығы аясында «Қазанат» атшабарында теңге ілуден II, аударыспақтан III Азия чемпионаты өткізілгелі отыр. Ат құлағында ойнайтын ептілігі ерек, мығым спортшылар сайысына тігіліп отырған жүлде де қомақты. Биылғы айтулы чемпионаттардың қандай ерекшелігі бар? Осы және өзге де сұрақтар бойынша ҚазАқпарат тілшісі Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Нұрсұлтан Ибрагимовке хабарласқан еді.
«Біріншіден, Астананың 20 жылдық мерейтойы аясындағы қос құрлық чемпионатын ұйымдастыруға қолдау көрсеткен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына мыңдаған жанкүйерлердің атынан алғыс айтқымыз келеді. Ұлттық мұрамыздың өрісін кеңейтіп, насихатын күшейтуге септігі тиетін мұндай ірі халықаралық жарыстарды өз деңгейінде атқаруға тұтас министрліктің атсалысуы көңілімізге қуаныш ұялатады. Осы жылы теңге ілуден және аударыспақтан Азия чемпионаттары 1-2 маусым күндері өтеді. Айта кетерлігі, 2015 жылы Астанада Теңге ілуден І Азия чемпионаты өтіп, оған Азияның 8 мемлекеті қатысқан болатын», - дейді ол.
Нұрсұлтан Ибрагимовтың айтуынша, 2014 жылдың маусымында Астанада өткен Аударыспақтан І Азия чемпионатына 11, ал 2016 жылы ҚХР Іле Қазақ автономиялы облысында өткен Аударыспақтан ІІ Азия чемпионатына 10 мемлекет қатысқан.
«Осы жылы аталған чемпионаттарға 9 елден, атап айтқанда, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия, Ресей, Ауғанстан, Қытай, Түркиядан 54 спортшы, ал жалпы жарысқа қатысатын делегация мүшелерін қосқанда 100-ге тарта адам қатысуы жоспарланған. Жекелей алсақ, теңге ілуден Азия чемпионатына 9 елден 10 спортшы қатысады. Ал аударыспақтан 9 мемлекеттен 44 спортшы келіп отыр. Негізі, елімізде өтетін ат жарыстарына шетелдіктердің қызығушылығы жоғары, себебі Қазақстан кез-келген жарысты жоғары деңгейде өткізетінін айта кеткен жөн. Жарыстардың жүлде қоры да қомақты. Чемпионаттардың жалпы жүлде қоры - 14 млн теңге», - дейді Нұрсұлтан Ибрагимов.
Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры сондай-ақ спортшыларға қойылатын талаптар туралы айта кетті.
«Теңге ілуден ІІ Азия чемпионатын өткізу регламентіне сәйкес, жарысқа жасы 18-ге толған, қажетті дайындықтан өткен, жеке басын куәландыратын құжаты бар спортшы, яғни шет мемлекеттен - 1, ал өткізуші мемлекет тарапынан - 2 спортшы қатысады. Аударыспақта да солай. 18-ден асқан, қажетті дайындықтан өткен, жеке басын куәландыратын құжаты бар спортшы бағын сынай алады. Жарыс 5 салмақ және абсолюттік салмақ дәрежесі бойынша (60, 70, 80, 90 келі және 90 келіден жоғары) өткізіледі», - дейді ол.
Нұрсұлтан Ибрагимовтан сондай-ақ аталған Азия чемпионаттарын көруге ЮНЕСКО өкілдері келеді деген ақпарат туралы сұрастырып көрдік.
«Бұл шындық. 31 маусымда елордаға ЮНЕСКО-ның Дәстүрлі спорттар мен ойындар комитеті өкілдері келеді деп жоспарланған. Осы айтулы Азия чемпионаттарына ЮНЕСКО-ның нақты назар аударуы ұлттық спорт түрлерінің келешекте әлемдік деңгейде насихаттала басталуынан үміттендіреді. Әр мемлекеттің дәстүрлері мен салттарының сақталуына аса жауапты қарайтын ұйым өкілдерінің елімізге келуінің басты мақсаты - құрлық чемпионаттарын тамашалаумен қатар, Қазақстандағы ұлттық спорт бәсекелерінің ұйымдастырылуы мен насихатын, жалпы даму барысын көріп, біліп қайту», - дейді ол.
Нұрсұлтан Ибрагимов ұлттық спорт түрлерінен өтетін сайыстар мұнымен шектеліп қалмайтынын тілге тиек етті.
«Алдымызда үлкен міндет тұр. Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Ұлы дала рухы» фестивалі. Бұл байрақты бәсеке 8 спорт түрі бойынша ұйымдастырылатын болады. Еліміздің 4 аймағында Оңтүстік, Солтүстік, Шығыс, Батыс облыстарында іріктеу кезеңдері өтеді. Финал Елорда төрінде салтанат құрмақ. Астана қаласының 20 жылдығын еліміздің аймақтары да ерекше сезіну үшін іріктеу бәсекелері арнайы облыстарда ұйымдастырылуда», - деп түйді Нұрсұлтан Ибрагимов.
  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал