06.11.2018, 17:29 577 Тоғызқұмалақтан ел чемпионатының жеңімпаздары белгілі болды

Ақтауда тоғызқұмалақтан 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы ҚР командалық чемпионаты мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарысты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, ҚР тоғызқұмалақ спорты федерациясы мен Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды.

Чемпионатқа Астана, Алматы қалалары, БҚО, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Ақтөбе, Атырау, Түркістан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарынан 72 спортшы қатысып, бақ сынады. Олардың біреуі - халықаралық дәрежедегі спорт шебері, алтауы - спорт шебері, 48-і - спорт шеберлігіне үміткер.

Біріншілік қорытындысында Павлодар облысы құрамасы жеңімпаз атанса, БҚО - екінші, ақтөбеліктер үшінші орынға ие болды. Жеңімпаз-жүлдегерлер арнайы диплом, кубок, медальдармен марапатталды.

БҚО командасы (бапкері Дәулет Әбдікәрімов) құрамында Жарасхан Сағынбаев, Әсет Қайыржанов, Дархан Әнуарбеков, Аида Карина, Ализа Ерниязова, Дильназ Ерниязовалар өнер көрсетті.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал