09.08.2018, 14:52 469 Ұлттық спорт түрлерінен ел чемпионатының жеңімпаздары анықталды

Көкшетауда көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы ату сияқты ұлттық спорт түрлерінен Қазақстан чемпионаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Краснояр кентіндегі ұлттық спорт түрлері бойынша Ақмола облыстық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебіне атақты Балуан Шолақтың есімі берілуіне орайластырылған жарысқа еліміздің әр өңірінен келген 200-ге жуық спортшы қатысып, бақ сынады. Ат құлағында ойнаған жігіттердің тартысы «Құлагер» атшабарында өтті.
Ұлттық спорттың барлық түрлері бойынша сынға түскен ақмолалық спортшылар жақсы нәтиже көрсетті. Оның ішінде Руслан Біләлов жамбы атудан, Ахмедвалий Әбдіғали теңге алудан үшінші орындарға тұрақтаса, аршалылық Виктор Тимофеев 70 келіден жоғары салмақтағылар арасында аударыспақтан жарыс жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, осы спорт түрі бойынша 50 келі салмақта Жасұлан Мағжанов екінші, 40 келі салмақта Шияп Жантөре мен 70 келі салмақта Совет Асхат үшінші орындарға лайық деп танылды.
«Бұл менің екінші жеңісім. Өткен жылы Шымкент қаласында өткен жарыста топ жарған болатынмын. Он жастан бастап ат құлағында ойнап келемін. Ал аударыспақпен осымен үшінші жыл айналысып келемін. Маған қатты ұнайды. Нағыз ерлердің спорты» дейді Виктор Тимофеев.
Жалпы, жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте Түркістан облысы бірінші, Ақмола облысы екінші және Жамбыл облысы үшінші орындарды еншіледі.

 

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал