06.07.2018, 15:07 422 Уругвай – Франция. Жартылай финалға кім лайықты

Бүгін Нижний Новгород қаласында жартылай финалға шыққан алғашқы команда анықталады.

Уругвай мен Франция командалары биылғы чемпионат барысында өздерінің жүлдеден үмітті екендіктерін көрсетті. Әсіресе, 30 маусым күні француздар Месси бастаған аргентиналықтарды тізе бүктірсе, уругвайлықтар Роналдуы бар Португалияны жеңді. Уругвайдың қорғанысы мығым, қарымта шабуылға бейім болса, француздар Аргентина қақпасына төрт гол соқты. Уругвай сапында топтық бәсекедегі ең үздік қорғаушылар Годин, Лаксальт, Хименес ойнаса, Францияның шабуыл шебіндегі Мбаппе, Гризманн және Жирудың жалпы трансферлік құны 300 млн еуродан асып жығылады.

Уругвайдың бас бапкері, 71 жастағы маман Оскар Табарес биылғы чемпионатта тағы бір рекорд орнатты. Ол дүниежүзілік дода тарихындағы ең жасы үлкен жаттықтырушы болып отыр. Бұған дейін бір құраманы төрт рет әлемдік жарысқа әкелген де өзі еді. Сонымен қатар топтық бәсекеде ешкімді шыдатпай, Уругвайды төрт рет қатарынан плей-офқа шығарды.

О.Табареске Франциямен кездесу алдында бас қатыруға тура келеді. Португалиямен матчта жарақат алып қалған, осы чемпионатта үш гол соғып үлгерген Эдинсон Каванидың орнына кімді шығарып, тактиканы қалай таңдау керек - мәселе сонда.

1998 жылғы әлем чемпионы Дидье Дешам жаттықтыратын Франция құрамасында Аргентинамен бәсекеден кейін 19 жасар Киллиан Мбаппе басты жұлдызға айналды. Әлем чемпионатында екі гол соққан ең жас ойыншы ретінде Пеленің рекордын қайталаған Мбаппеден қарсыластары да сақтанары сөзсіз. Бәлкім, 2016 жылғы Еуропа біріншілігінің сұрмергені Антуан Гризманн немесе Поль Погбаның жұлдызды сәті туар. Қалай болғанда да, жүлдеге қол созым қалған кезде қос команданың барын салары анық. Кім дұрыс тактика таңдап, қарсыласының осал тұсын таба біледі, сол жеңіске жетеді. Бәлкім, аса тартысты ойын болып, экстратайм, тіпті пенальти сериясына дейін созылуы әбден мүмкін. Аргентиналық Нестор Питана қазылық ететін бұл матч Нижний Новгородтағы соңғы ойын болмақ.

Айта кетейік, бұл бәсекеде озып шыққан команда жартылай финалда 10 шілде күні Санкт-Петорборда Бразилия - Бельгия жұбының жеңімпазымен кездеседі.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал