07.03.2018, 12:40 876 XVII Әлем чемпионаты мәресіне жетті

Ұлыбританияның Бирмингем қаласындағы National Indoor Arena кешенінде жеңіл атлетикадан 17-ші әлем чемпионаты өтті, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі ҚР жеңіл атлетика федерациясына сілтеме жасап.

Англияның қаласы осымен екінші мәрте қысқы маусымдағы чемпионатты қабылдап отыр. Ең алғаш 2003 жылы өткізген болатын. Әлем чемпионатына норматив орындаған спортшылар қатысты. 4 күн бойы атлеттер 26 медаль жиынтығын сарапқа салды.

Бирмингемде бір әлем рекорды жаңарды. Оның авторы ­ 4х400 метрлік эстафетадан Польша ерлер құрамасы. Олар финалда турнирдің басты фавориті АҚШ құрамасын базып озды. 4 кезең бойы америкалықтар сенімді түрде көшбастап, екінші орындағы командадан 10 метрге озып кеткен. Бірақ мәреге жақындаған тұста поляк Якуб Кшевин АҚШ спортшысы Вернон Норвудты 0,2 секундқа артқа тастады. Сөйтіп, Кароль Залевский, Рафаэл Омелько, Лукаш Кравчук, Якуб Кшевин бұған дейінгі рекордты 0,36 секундқа жақсартып, мәреге 3.01,77 секундта жетті.

Эфиопиялық желаяқ Гензебе Дибаба 1500, 3000 метрге жүгіруден екі дүркін әлем чемпионы атанды.  Сондай-ақ америкалық Кортни Около 400 метрге жүгіруден және эстафетадан жеңіске жетті.

Ал Франциядан келген Рено Лавиллени осымен үшінші мәрте жабық кешендегі әлем чемпионатында сырықпен секіруден қарсылас шыдатқан жоқ. Бұған дейін 2012 және 2016 жылдары алтын алған. Чехиялық 400 метрге жүгіруші Павел Маслак та дәл солай. Бірақ бұл жолы финалда үшінші келген. Біраз уақыттан кейін төрешілер басқа жолаққа шығып кеткені үшін испаниялық Оскар Усильос пен Доминикан Республикасының атлеті Лугелин Сантостың нәтижелерін жойып, дискваликацияға жіберді. Соның арқасында Маслак үш дүркін әлем чемпионы атанды.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал