21.06.2018, 13:51 209 «XXVIII Қосанов Мемориалы». Кімдерден жүлде күтуге болады

29-30 маусым күндері Алматыдағы Орталық стадионда жеңіл атлетикадан халықаралық «XXVIII Ғұсман Қосанов Мемориалы» өтеді, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі ҚР жеңіл атлетика федерациясына сілтеме жасап.

Жарысқа 11 елден 250-260 спортшы келеді деп күтілуде. Атап айтсақ, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Грузия, Қазақстан, Иран, Сирия, Бахрейн, Малайзия атлеттері қатыспақ.

Осы ретте Қазақстанның намысын қорғайтын спортшылар арасында кімдерден жүлде күтуге болады? Алдымен әңгімені қыздардан бастасақ.

Азия ойындарының жеңімпаздары

Биылғы Ғ. Қосанов Мемориалында қыздардан Азия ойындарының екі жеңімпазы қатысады. Қуанышты жаңалық деп, Маргарита Мұқашеваны айтуға болады. Екі дүркін Азия ойындарының жеңімпазы Рио Олимпиадасынан кейін спорттан қол үзген. Оған өзіндік себеп бар. Маргарита тұрмысқа шығып, сәбилі болды. Бірақ спортшы үйінде көп жата алмады. Тамыз айында Роман есімді ұл баланы дүниеге әкелген Солтүстік Қазақстан облысының тумасы қазан айында жаттығу жұмыстарын бастап кетті. Ал 17 маусымда Қырғызстан Татьяна Колпакованың жүлдесіне арналған турирге қатысып, 800 метрді 2:08.51 минутта жүгіріп, чемпион атанды.

Маргарита Мұқашевадан, бөлек, 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы Ольга Сафронова қысқы маусымда жарысқа қатыса алған жоқ. Жарақатын емдеп, ота жасатып келген спортшы Ғұсман Қосанов Мемориалына қызу дайындалып жатыр. Алда жазғы Азия ойындары келе жатыр. Әзірге 26 жастағы спортшыдан жоғары нәтиже күту артық болар.

Универсида чемпиондары

2015 жылы Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында өткен жазғы Универсиада ойындарында үш алтын Виктория Зябкина да Алматыда аянып қалмасы анық. 25 жастағы спортшы Altay athletics клубының қаржыландыруымен мамыр және мвусым айында Латвия, Грекия, Швейцариядағы халықаралық жарыстарға қатысты. Зябкинамен бірге, 100 метрге командалық эстафетада жеңіске жеткен Юлия Рахманова мен Анастасия Тулапинова да 29-30 маусым күні жарыс көрігін қыздырмақ.

Азия чемпиондары

Азия чемпиондарынан Рима Кашафутдинова мен Мария Овчинникова қатысады. Екеуі де былтырғы жылы Үндістандағы құрлық біріншілігінде топ жарған. Кашафутдинова 100 метрге командалық эстафетада алтын алған. Овчинникова үш қарғып секіруден топ жарып, мамандардың көзіне іліккен болатын.

Сондай-ақ 2018 жылы жабық кешендегі Азия чемпионатының үздіктері болған Ирина Эктова (үш қарғып секіру), Әйгерім Шыназбекова (100 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру), Анастасия Ермакова (сырықпен секіру), Татьяна Нерознак (1500 метрге жүгіру) Алматыдағы жарыста бақ сынамақ.

Жалпы, құрама көшбасшыларынан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова (үш қарғып секіру) мен Светлана Голендова (400 метрге жүгіру) болмайды. Рыпакова 30 маусым күні Париждегі «Гауһар лига» сайысында өнер көрсетеді

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал