18.07.2018, 13:35 829 Якоб Фульсанг «Тур де Франс» көпкүндігінде төртінші орынға көтерілді

«Тур де Франс» велобәйгесінің 10-шы кезеңі «Астана» клубы үшін сәтті болды. Команда капитаны Якоб Фульсанг жалпы есепте 4-ші орынға көтерілді, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА тілшісі «Астана» Президенттік клубына сілтеме жасап.

Анси мен Ле Гран-Борнан қалаларының арасын жалғап жатқан 158,5 шақырымдық таулы-қыратты жолды 4 сағат 28 минут 55 секундта жүріп өткен Якоб мәре сызығын жарыс көшбасшыларымен бірге қиып өткен. Соның нәтижесінде жалпы есептегі жағдайын да жақсартып алды.

- Соңғы жотаға жете бергенде желге қарсы жарысуымыз қажет болды. Сол жағынан біраз қиындық туғаны рас. Шабуылдауды жөн көрмедім. Басқалар шапса, шаба берсін деп шештім. Оның зардабын кейінгі кезеңдерде өздері тарта жатар. Өз басым, жалпы есептегі жағдайымды жақсартып алдым. Дегенмен, босаңсуға болмайды. Басты бәсекелестердің барлығы өкше басып, қатар келеді. Ең бастысы, көпкүндік соңында жеңіс тұғырынан көрінсем болды, - деді Якоб Фульсанг.

Кешегі 10-шы кезеңде командалық жарыста да жағдай жақсарды. «Астана» қазір 22 команданың ішінде 9-шы орында. Алда әлі 11 кезең бар. Жарыс 29 шілдеге дейін жалғасады.

  • Достармен бөлісу:
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • Танымал